ШЫМКЕНТТЕ ІРІ ЖЫЛЫЖАЙ КЕШЕНІНІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

18

Шымкент қаласында тағы бір ірі жылыжай кешенінің құрылысы ресми түрде басталды. Бүгін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков пен Польшаның Fabe-Agro компаниясының басшылығы құны 137 миллион АҚШ долларын құрайтын жаңа агроөнеркәсіптік нысанның құрылысына арналған капсула салу рәсіміне қатысты.

Жоба Шымкенттің Мәртөбе тұрғын алабында жүзеге асырылуда. Жылыжай кешенінің жалпы аумағы 144 гектарды қамтиды. Қазіргі уақытта қажетті инфрақұрылым желілерін жеткізу жұмыстары басталып, құрылыс алаңы дайындалуда. Ауқымды нысан іске қосылғаннан кейін жылына 36 мың тонна көкөніс өндіріліп, қалада мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады.

Іс-шара барысында қала әкімі Ғабит Сыздықбеков аталған жобаның Шымкенттің агроөнеркәсіптік кешенін дамытудағы маңызын атап өтті. Оның айтуынша, жаңа жылыжай өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, жергілікті нарықты сапалы әрі қолжетімді өніммен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

– Шымкент қаласында экономикалық тұрғыдан маңызды тағы бір жобаның құрылысы басталып отыр. Бұған дейін түркиялық инвесторлардың жылыжай кешені алғашқы өнімін берген болатын. Бұл екі ірі жоба қаланың ауыл шаруашылығы саласының дамуына жаңа серпін бермек, – деді Ғ. Сыздықбеков.

Сала мамандары да жаңа жобаның аймақтың аграрлық әлеуетін күшейтетініне сенімді. Қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Талғат Мекамбаевтың айтуынша, инвесторлар 2025–2028 жылдары жобаны кезең-кезеңімен іске асырып, қызанақ пен қияр өндіруді жоспарлап отыр. Бүгінде еліміздегі ірі жылыжай кешендерінің жартысынан астамы Шымкент қаласында орналасқан.

Жаңа инвестициялық жобаның жүзеге асуы Шымкенттің азық-түлік тұрақтылығын қамтамасыз етуге, бағаны реттеуге және агроөнеркәсіптегі өндіріс көлемін арттыруға айтарлықтай үлес қосады. Сонымен қатар, заманауи жылыжай технологияларын енгізу өнім сапасының жоғары болуына және халықты жыл бойы балғын көкөніспен қамтуға мүмкіндік береді.