Инвестициялық штаб отырысында 9 жоба таныстырылды
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен өткен инвестициялық штабтың кезекті отырысында жаңа жобалар мен жобалардың өзекті мәселелері қаралды.
Zoom жүйесі арқылы инфесторлар өз жобаларын ұсынды. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, құрылыс саласы, құс шаруашылығын дамыту бойынша және әлеуметтік нысандар құрылысы, жалпы 9 жоба таныстырылды.
Атап айтқанда, «РЕТ» ЖШС көмірқышқыл газын қайта өңдейтін кәсіпорын салуға ниетті. Жоба құны – 3,5 млн АҚШ доллары. 2022-2023 жылдарға жоспарланған жоба тәулігіне 40 тоннадан астам көмірқышқыл газын қайта өңдеуге қауқарлы.
Жеміс және көкөністерді қайта өңдеуге маманданған «SLT» кәсіпорны 200 адамды тұрақты жұмыспен қамтымақ. Өндіріс орны сағатына 3 тоннадан астам жеміс және көкөністерді қайта өңдемек. Құрал-жабдықтар Түркия, Бельгия, Германия және Италиядан әкелінеді. Қазіргі уақытта келісімдер жүргізілуде.
Ал «КЕРЕМЕТ-САПА» ЖШС көкөніс сақтау бағытына маманданған. Жоба құны – 500 млн теңге. Алтынтөбе тұрғын алабында құрылыс үшін жер телімі дайын.
Selena Group (Польша) компаниясы құрылысқа қажетті құрғақ қоспалар өндірісі жобасын ұсынды. Жоба құны – 3 млрд теңге. Жеке кәсіпкер өндірісті 2021-2022 жылдары іске асыруды жоспарлап отыр. Оған қажетті жер телімі – 2 га. Жұлдыз индустриалды аймағынан жер телімін беру көзделуде.
«Шымкент құс» ЖШС құс ферманың құрылысы үшін 3 гектар жер телімі қажеттігіне назар аударды. Жылына 60 млн дана жұмыртқа өндіретін кәсіпорынның жоба құны – 1 200 млн теңге. 30 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылмақ. Бүгінде жобалау жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар, ФК «Самрук» жеке кәсіпкерлігі «Самрұқ» спорт кешенінің құрылысын салуды жоспарлауда. Оған сәйкес, мини-футбол алаңдарын ашу, жағажайдағы мини-футбол, ашық манеж, ауқымды спорттық іс-шараларды өткізумен қатар, бокс, күрес, шахмат, үстел теннисі, гимнастика, балет, каратэ және тағы басқа спорт түрлерін дамытуды көздеуде. Жоба құны – 1 млрд теңге. Жобаны 2021-2025 жылдары іске асыруға ниетті. Оған 4,0 га жер телімі қажет.
Сондай-ақ, штаб отырысында «ЮжСтройСервис» ЖШС-ның қоймалар өндірісі, «Казахстанская Нефтехимическая Компания КЕМИКАЛ» ЖШС-нің полимерлер өндірісі және «Prestige House» ЖШС-нің көпқабатты тұрғын үй жобасы таныстырылды.