САЙРАМ АУДАНЫНДА «АЛТЫН КҮЗ – 2025» МЕРЕКЕСІ ӨТТІ

Бүгін Сайрам ауданында ауыл шаруашылығы саласының мамандарына арналған мерекелік іс-шара өтті. Сонымен қатар, осы салада аянбай еңбек еткен ауыл шаруашылығы мамандары арнайы марапатталып, сыйлықтар табысталды. Аудан басшысы Мадияр Оразалиев шараға қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
«Ауыл шаруашылығы – экономиканың ғана емес, сондай-ақ қоғамдық-саяси тұрақтылықтың айнасы. Ауданда 9 мыңға жуық агроқұрылым жұмыс істейді, бұл облыстық көрсеткіштің 10 пайызын құрайды. Облыстағы ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемінің 12 пайызы ауданымызда өндіріледі. Өткен жылы 10 айда 124,5 млрд теңгенің өнімі өндірілсе, биыл бұл көрсеткіш 136,5 млрд теңгеге жетті. «AGRO FEST – 2025» іс-шарасында ауданымыз «Қайта өңдеу бағытын дамытуда озат аудан» деп танылды. Бұл — сіздердің күн-түн демей төккен маңдай терлеріңіздің, тынымсыз еңбектеріңіздің нәтижесі. Әрбір жетістік пен табыстың артында сіздердің адал еңбектеріңіз жатыр. Ел игілігі жолындағы қызметтеріңіз үшін шынайы алғыс айтамын!
Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 7,7 млрд теңге инвестиция тартылып, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,4 есеге артты. Тамақ өндірісіне 9,2 млрд теңге инвестиция тартылды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,7 есеге жоғары.» — деді М.Мұхтарұлы
Іс шара барысында ауыл шаруашылығы саласында Сайрам ауданы бойынша жоғары нәтиже көрсеткен ауылдық округтер марапатталды. Олар:
I орын — Қарабұлақ ауылдық округі
Ағымдағы жылдың 10 айында 52,4 млрд теңгенің жалпы өнімі өндіріліп, 1,2 млрд теңге негізгі капиталға инвестиция тартылды.
II орын — Қарасу ауылдық округі
10 айда 22,2 млрд теңгенің жалпы өнімі өндіріліп, 2,6 млрд теңге инвестиция тартылды.
III орын — Манкент ауылдық округі
10 айда 8,7 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, 310 млн теңге негізгі капиталға инвестиция тартылды.
Сонымен қатар, ауданымыздың ауыл шаруашылығы еңбеккерлері «Озаттар», Құрмет грамоталары және «Үздіктер» номинациялары бойынша марапатталды. Марапаттау рәсімінен кейін арнайы концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, қатысушыларға көтеріңкі мерекелік көңіл күй сыйлады.







