САРЫАҒАШ: «ЖЕР АМАНАТЫ» КОМИССИЯСЫНЫҢ ЖҰМЫС ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

«AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы жанындағы аймақтық «Жер аманаты» комиссиясының кезекті жұмыс отырысы бүгін Сарыағаш ауданында өтті. «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиевтің жетекшілігімен өткен комиссияның көшпелі отырысына «Жер аманаты» комиссиясының мүшелері, облыстық мәслихат депутаттары Алмас Салимов, Уәлихан Рахиев, Жәнібек Сүлейменов, Нұржан Аширов, Жомарт Әбдібаев, облыстық жер қатынастары басқармасының, өңірлік жер ресурстарын басқару департаментінің өкілдері, Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев, аудан прокурорының орынбасары Берік Садыхов, аудан әкімдігінін жауапты қызметкерлері, партия өкілдері қатысты.
Көшпелі форматта өтіп жатқан мәжілістің маңыздылығына тоқталған Алтынсары Дүйсенбекұлы, Мемлекет басшысының Жолдауында жерді ретке келтіруге қатысты нақты талап қойылғанын атап өтті.
Мәжілістің күн тәртібінде қаралған «Жер аманаты» партиялық жобасы бойынша 2022-2025 жылдар аралығында қайтарылған жер телімдерін қайта бөлу жұмыстары туралы Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаевтың есебі тыңдалды.
Ауданда жер заңнамасының сақталуы, Жер кодексі талаптарының орындалуы туралы Сарыағаш ауданы прокурорының орынбасары Берік Садыховтың хабарламасы тыңдалып, анықталған заң бұзушылықтар бойынша прокурорлық қадағалау актілерін енгізу, заңсыздықтың алдын алуға арналған жұмыстар, құқық бұзушылықтың туындауына себеп болған жағдайларды жоюға бағытталған шаралар туралы ақпарат берілді.
Комиссия отырысының қорытындысы бойынша тиісті шешімдер қабылданды. Шешімдердің орындалу барысын бақылауды партияның Түркістан облыстық филиалы жүргізетін болады.








