КЕДЕН БЕКЕТІ МАҢЫН ДАМЫТУ ЖОБАЛАРЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

12

Бүгін Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаевқа Сарыағаш қаласы аумағындағы «Қабланбек» кеден бекеті маңын кешенді түрде дамытуға бағытталған жобалардың эскиздері таныстырылды. Жобаларды «Евразия» ЖШС мен «ARCHBUILD GROUP» ЖШС өкілдері ұсынды. Талқылау жиынына сала басшылары қатысты.

— Өзбекстанмен шектесетін ауданымыздың стратегиялық маңызы өте жоғары. Кеден бекетінің әлеуетін тиімді пайдалану арқылы ел экономикасына құятын табысты арттыруға толық мүмкіндік бар. Сонымен қатар, ауданның көліктік-логистикалық әлеуеті де жоғары деңгейде. Басты міндет — кәсіпкерлерге қолдау көрсету, туристерге қолайлы жағдай жасау, тұрғындарды жұмыспен қамту және барлық процестердің заң аясында дұрыс жүзеге асуын қамтамасыз ету. «Қабланбек» кеден бекеті негізінен жүк көліктерін өткізуге бағытталған. Ал аудандағы өзге үш кеден бекетінің де өзіндік бағыттары бар. Сондықтан объективті, әрі тиімді шешімдер қабылдауымыз қажет, — деп Арман Абдуллаев, кеден аумағының стратегиялық маңызына тоқталды.

«Қабланбек» кеден бекетін дамыту аясында кеден маңындағы кәсіпкерлік нысандарына арналған аумақты абаттандыру және кеңейту, жүк және жеңіл автокөліктерге арналған заманауи автотұрақтар салу, халықаралық стандарттарға сай сауда нүктелері мен қызмет көрсету орталықтарын, сондай-ақ валюта айырбастау пункттерін ашу, логистикалық аймақты заманауи талаптарға сәйкес дамыту, экспорттық және импорттық процестерді оңтайландыру бағытында жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда.

Аталған жобалар Түркістан облысының «Архитектура және қала құрылысы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің тапсырысына сәйкес Сарыағаш қаласының егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу аясында әзірленуде.