АУДАНДА ЖҰМЫССЫЗ АЗАМАТТАРДЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ БОЙЫНША 4 ЖАҚТЫ МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ

6

Бүгін аудан әкімдігі ғимаратының мәжіліс залында «2025 жыл – Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында 4 жақты серіктестік меморандум қабылданды. Тараптар жергілікті азаматтарды тұрақты жұмысқа орналастыруды көздейтін құжатқа қол қойып, өзара ынтымақтастықты нығайту шараларын пысықтады.

Меморандумға аудан әкімінің орынбасары Серік Маманов, Түркістан облысы прокуратурасының басқарма басшысы Нұрғали Асқанбеков, аудан прокуроры Ғалымжан Құдайқұл, Созақ аудандық «Мансап орталығы» филиалының директоры Абай Көбенов және жұмыс беруші – «КАТКО» қазақстандық-француздық біріккен кәсіпорнының бас директоры Закария Эль Марзуки қол қойды.

Жиынға арнайы қатысқан «Орано Майнинг» компаниясының аға вице-президенті Ксавье Сен-Мартен Тийеге де өз бағасын беріп, серіктестіктің маңызын атап өтті.

Өз сөзінде Түркістан облысы прокуратурасының басқарма басшысы Нұрғали Асқанбеков меморандумның еңбек нарығындағы әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталғанын айтты. Әсіресе пробация есебіндегі азаматтарды жұмысқа орналастыру, олардың қоғамға қайта бейімделуіне мүмкіндік беру құжаттың басты бағыттарының бірі екенін жеткізді.

Аудан әкімінің орынбасары Серік Маманов аудан басшысының сәлемін жеткізіп, бұл ынтымақтастықтың Созақ өңіріндегі жұмыссыздық деңгейін төмендетуге елеулі үлес қосатынына сенім білдірді.

Меморандум еңбек нарығын дамытуды, жұмыс беруші ірі кәсіпорындармен байланысты күшейтуді және тұрғындарды тұрақты әрі сапалы жұмыс орындарымен қамтуды көздейді. Құжат вакансиялар туралы ақпарат алмасудың тұрақты тәртібін бекітеді. Жұмыс беруші тарап бос жұмыс орындары мен қажетті мамандықтар бойынша ақпаратты уақтылы «Мансап орталығына» жолдап, жұмыссыз азаматтарды жұмысқа тарту механизмін күшейтеді. «Мансап орталығы» ұсынылған сұраныстарға сәйкес жұмыссыздар қатарынан маман иелерін анықтап, жолдама береді.

Айта кетейік, қазіргі уақытта KATКО қызметкерлерінің 70 пайыздан дан астамы Түркістан облысы мен Созақ ауданының тұрғындары.