«МӘСЕЛЕ ТАЛҚЫЛАНБАЙДЫ, ШЕШІЛЕДІ!»

142

Аудан әкімінің төрағалығымен кезекті апталық мәжілісі өтті. Күн тәртібінде бес мәселе қаралып, талқыланды. Әлеуметтік саладағы бірқатар мәселелерді тізбектеген бөлім басшысы Дәуірхан Асылбектің айтуынша атаулы әлеуметтік көмек алушы 3871 адамның ішінде еңбекке жарамды 1136 адамы жұмыспен қамтылды. Атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылардың 1-6 жас аралығындағы 1182 балаға 39154,0 мың теңге тағайындалып, 36794,2 мың теңге қосымша төлем төленді. 2023 жылдың 4-тоқсанына бекітілген АӘК алушылар жоспары 4168 адам болса, АӘК алушылар саны 3871 адамға орындалып, көрсеткіш 297 адамға төмендетілді.

Жиында қаралған екінші мәселе туралы күзгі әскерге шақыру жұмыстарының барысын Түркістан қаласы және Сауран ауданының қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген басқарманың басшысы Дилмурад Нұржанов баяндап өтті. Аудан әкімі жоспардан кемшін қалған ауыл округ әкімдеріне әскерге баратын азаматтардың межесін толықтыруды тапсырды.

Стационарлық емес сауда қызметін реттеу туралы кәсіркерлік және туризм басқармасының басшысы Сұлтанғали Шакиров айтып өтті. Сондай-ақ, ретсіз салынған құрылыс нысандарының да жай жапсары талқыланды. Ауданда бұл бойынша айтарлықтай мәселе жоқ. «Е-қызметі» бойынша жұмыс кейбір бөлімдер мен ауыл округтерінде тұралап тұр. Аталған мәселе бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, олқылықты он күн мерзімінде түзетуге тапсырма жүктелді.

Аудан әкімі: -Кемшілікпен дер кезінде жұмыс жасауды үйлестіріп үйренейік. Ол үшін жұмысты жоспарлап үйреніңіздер. Халық тарапынан көтерілген кез-келген мәселе өзекті. Мүмкіндігінше көтерілген мәселеден қашпай, шешу жолдарын қарастырыңыздар. Мәселе талқыланбайды, шешіледі. Бұдан былай жұмысына салғырт қараған бөлім басшылары мен ауыл әкімдеріне қатаң шара көрілетін болады, — деп жиынды қорытындылады.