БАЛАЛАРҒА ҚУАНЫШ СЫЙЛАДЫ

4

Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Балғабаев және Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында отбасы үлгісіндегі балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арналған игі шара ұйымдастырды. Осы бастама аясында балалар үшін Шымкент қаласына бір күндік танымдық-ойын-сауық сапары өткізілді.

Таңертең 53 бала мен 7 тәрбиеші екі автобуспен жолға шығып, оларды департамент пен аудан әкімдігі аппаратының қызметкерлері қарсы алды. Шараның басты мақсаты – балалардың көңіл-күйін көтеру, жаңа білім мен әсер сыйлау, сондай-ақ олардың әлеуметтік бейімделуіне қолдау көрсету.

Сапар «Shymkent City Mall» сауда және ойын-сауық орталығынан басталып, тәрбиеленушілер өз жас ерекшеліктеріне сай мультфильм мен көркем фильмдерді тамашалады. Бұдан кейін балалардың тарихи-мәдени дүниетанымын кеңейту үшін қалалық мұражайға экскурсия ұйымдастырылды.

Түскі уақытта «7 тандыр» дәмханасында балаларға арнайы дайындалған ас ұсынылды. Бағдарлама одан әрі «Dur Plaza» ойын алаңында жалғасып, онда тәрбиеленушілер түрлі ойын құрылғыларында еркін ойнап, қуанышты сәттерге бөленді.

Үлкен жастағы балалар «Жайлаукөл» саябағындағы аттракциондар мен картингтен ерекше әсер алды. Қыз балаларға арналған сұлулық салоны олардың көңілін көтеріп, өз-өзіне деген сенімін нығайтты.

Балалардың жыл мезгіліне дайын болуын қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырушылар әрбір тәрбиеленушіге қысқа арналған жылы киім комплектілерін табыстап, олардың қуанышын еселей түсті.

Шара соңында балалар мен ұйымдастырушылар естелік суретке түсіп, ұмытылмас күннің әсерлерімен бөлісті.

Экономикалық тергеп-тексеру департаменті қызметкерлерінің ұйымдастыруымен, Төлеби ауданы әкімдігінің қолдауымен өткен бұл игі іс-шара балалардың жүрегіне қуаныш сыйлап қана қоймай, олардың болашаққа деген сенімін арттырды. Көрсетілген жанашырлық пен қамқорлық әлеуметтік бейімделулеріне оң ықпал етіп, өмірлеріне жаңа серпін берді.