ИНТЕРНЕТ БАЙЛАНЫСЫНЫҢ САПАСЫН АРТТЫРУ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

159

Жиынға ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркісібі министрлігі Телекоммуникациялар комитетінің Шымкент қаласы және Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстары бойынша өңіраралық байланыс инспекциясы РММ басшысы Ержан Тоқтағулов, Сауран аудандық мәслихатының төрағасы Сержан Байсбаев, аудан әкімінің орынбасары Мақсат Таңғатаров, АҚ «Транстелеком» басшысы Болат Наталиев, АҚ «Қазақтелеком» ЦТОМС – 2 басшысының міндетін атқарушы Әли Аманәлі, Сату орталығының директорының орынбасары Ербол Досымбек, «Кселл» АҚ өкілі Айдос Жабеков, «Кар-Тел» ЖШС Нұржан Аблязимов, «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС-тің өкілі Шараф Курбантаев, мәслихат депутаттары, ауылдық округ әкімдері қатысты.

Аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаев аудан көлемінде ауыл тұрғындары тарапынан интернет байланысының нашарлығы туралы арыз-шағымдардың көптеп түсіп жатқанын айтып, жиынға қатысқан мамандарға аталған мәселені алға тартты.

Жиналыстың күн тәртібіндегі мәселе бойынша аудан әкімінің орынбасары Мақсат Таңғатаров баяндап өтті. Онда Сауран ауданына қарасты 12 ауылдық округте оның ішінде 36 ауылдық елді мекен бар. Оның 11 АЕМ (30,5%) 3G және 4G мобильді желісімен, 21 АЕМ-де (58,3%) 2G мобильді желісімен қамтамасыз етілген. Ал, 4 АЕМ (11,1%) интернет желісі мүлде жоқ.

Бұдан бөлек, интернет желісі бойынша ұялы байланыс мүлдем жоқ даму әлеуеті бар 4 АЕМ интернетпен қамту, 2G мобильді желісімен қамтылған 21 АЕМ-ге базалық станцияларын жаңарту жұмыстарын жүргізуді ұсынды.

Бұдан бөлек, Сауран ауданы бойынша елді мекендерде халық саны 4000-нан аса адамды құрауына байланысты ұялы байланыс операторларының базалық станцияларының сыйымдылығы жетпейтінін, осыған орай қалыптасқан жағдайды оңалту мақсатында елді мекендердегі ұялы байланыстың қамту аймақтарын кеңейтуге және базалық станция орнатып, кеңжолақты сапалы интернетпен қамтамасыз ету керектігін жеткізді.

Жиын барысында күн тәртібін-дегі қаралған мәселелер бойынша өңірлік байланыс инспекция басшысы Ержан Тоқтағулов тиісті сала басшыларына нақты тапсырма беріп, мәселе бақылауда болатынын айтты. Жиналыста көптеген ұсыныс пікірлер ортаға салынып, бұл бойынша тиісті жұмыстар жүргізілетін болып шешілді.