РЕСПУБЛИКАЛЫҚ РЕКОРД

131

Түркістан облыстық Фараб әмбебап-ғылыми кітапханасында Сауран ауданының Бабайқорған ауылдық округіндегі Абай ауылында туған Жақсыбек Абылайұлы Бейсеновпен «Ұлт руханиятының жанашыры» деген атпен кездесу өткізілді. Кездесуге Түркістан қаласы Ардагерлер кеңесі, қоғамдық ұйымдар, зиялы қауым өкілдері, қадірменді қариялар мен әжелер алқасының мүшелері қатысты.

— Семинарымыздың мақсаты — заманның талабына сай мұғалімдердің ғылыми әдістемелік және шығармашылық ізденісін жетілдіру мен мұғалімдердің кәсіби шеберлігін арттыру, озат тәжірибе алмасу. ЖОО орындары мен түрлі мекемелермен ынтымақтастық орнату, «Мектепке кітап сыйла» акциясының аясында мектеп кітапханасына 2170 кітап сыйлаған құрметті ақсақал Бейсенов Жақсыбек қажы атамыздың есімін беру керек, — дейді Фараб әмбебап-ғылыми кітапханасының кітапханашысы Гүлзипа Бектұрсынова.

Алдымен сөз алған Түркістан қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов Жақсыбек Абылайұлының қилы тағдырына тоқтала келіп, өнегелі өмірдің жалғасы — ұрпақтар сабақтастығы екендігіне назар аударды.

Қаржы және экономика саласының майталманы, «Жақсы-Бек» шаруа қожалығының төрағасы, Түркістан қаласының құрметті азаматы, Түркістан қалалық ақсақалдар алқасының мүшесі, 2005 жылдан бастап Түркістан қалалық ардагерлер кеңесі ұйымының алқа және пленум мүшесі, ҰОС теңестірілген тыл ардагері, Түркістан қалалық Қоғамдық кеңесінің мүшесі, Семей полигонының ардагері. Міне, бұл атақтардың барлығы қарапайым ғана өз ісінің шебері бола білген басқаларға үлгі өнегесімен таныл-ған Жақсыбек Абылайұлының бір басындағы атақ-даңқтары.

— Жақсыбек Абылайұлының мен жақсы көретін ең асыл қасиеті кітапты өміріне азық етуі. Ол екі мыңнан астам кітапты №28 мектепке сыйға тартты. Бұл Республикадағы рекорд деп айтуға болады. Себебі, «Кітапханаға кітап сыйла» акциясы аясында кітапханаға жүздеген кітап сыйлаған ақындар, жазушылар бар шығар. Ал өзінің өмір бойы тірнектеп жинаған асыл қазынасы, қазақ прозасы мен поэзиясының жауһарларының жинағы бүкіл кітап қорын бір ғана кітапханаға сыйлық ретінде беруі үлкен ерлік,-дейді Ж.Құлбайымбетов.

Жақсыбек Абылайұлы, қазіргі Сауран ауданына қарасты Абай ауылында 1936 жылы 5 мамырда дүниеге келген. Әкесі Бейсенов Абылай 1937 жылы колхоз бастығы кезінде «Халық жауы» деген жаламен ұсталып, 1938 жылы одан босатылып, 1942 жылы Ұлы Отан соғысына аттанып, содан хабарсыз кеткен. 1989 жылы облыстық партия комитетінің шешімімен толық ақталып, партиялылығы қалпына келтірілді. Анасы Шарипа Құрышбайқызы 1938 жылы қайтыс болған. Ағасы Әбдібек екеуі әжесінің қолында тәрбиеленді.

Жасынан есепке жүйрік Жақсыбек Абылайұлы Алматы ауыл шаруашылығы техникумын «Ауыл шаруашылығындағы бухгалтерлік есеп» мамандығы бойынша бітіріп, 1957 жылы Алматы ауыл шаруашылығы институтының есепші мамандығы бойынша оқуға түсті. 1959 жылдан Семей облысы, Аягөз ауданындағы «Сергиополь» кеңшарында қатардағы есепші қызметімен еңбек жолы басталды. 1963 жылы елге оралып, Оңтүстік Қазақстан облысы Қызылқұм ауданында «Қожа-Тоғай», «Овцевод» кеңшарларында бас экономист, 1974-1996 жылдары Түркістан ауданындағы «Чапаев» ұжымшарында бас есепші болып қызмет жасаған. Қазақстан Тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында «Түркістан-несие» акционерлік банкісінің акционері, басқарма мүшесі және «Жақсы-Бек» шаруа қожалығының төрағасы қызметін атқарды.

1996-2005 жылдар аралығында ҚР Қаржы министрлігіне қарасты Оңтүстік Қазақстан облысындағы дәрменсіз борышкерлермен жұмыс жасау комитетінің банкроттық мекемелерінде Түркістан қаласы және аудан бойынша конкурстық меңгерушісі және жылжитын, жылжымайтын мүліктерді бағалаушы қызметін атқарды.

— Мемлекеттің даму жолында 45 жылдан астам атқарған еселі еңбегі бағаланып, Респуликалық, облыстық және аудан-қала басшыларының тарапынан 15 медаль-төсбелгілермен және 20 астам Құрмет грамоталары, Алғыс хаттармен марапатталған. 2007 жылы қасиетті Мекке-Мединада қажылық парызын орындап келген. Жұбайы Орынай Бәкірқызымен 7 ұл-қыз тәрбиелеп, олардан 25 немере, 30 шөбере көрді. Көргені мен өмірден түйгені көп, өзгелерге үлгі етерлік көңілдері дархан, пейілдері кең, имандылықты серік еткен, сауапты істердің бел ортасында жүретін қазыналы қарттарымызға қала әкімдерінің көрсеткен қамқорлығына біздер қариялар кейінгі жастардың қамы үшін ардақты ой, пайымды пікір айтып келеміз,-деген Түркістан қалалық Мәдениет үйінің атынан келген Шәкен Амантұров пен Түркістан облыстық Қоғамдық кеңесінің мүшесі, Түркістан облыстық медиация кеңесінің төрағасы, «Бітімгер» медиаторлар қоғамдық бірлестігінің басшысы, Түркістан қаласының Құрметті азаматы Бақытжан Бейсенбаев ақсақалдың өңіріне «Ел құрметі» медалін тағып, шапан кигізді.

Мәдени іс-шараның барлық концерттік бағдарламасындағы ән-күйлерді қаладағы №28 мектептің оқушылары орындады. Себебі, балалардың бар ынта-жігері өздерінің сүйікті оқу орнының кітапханасына барлық қазынасын ұсынған ақсақалдың көңілінен шығу.

— Мен өз басым қазақстандық классик жазушыларымыздың кітаптарын сүйіп оқимын. Жақсыбек Абылайұлы атамыздың кітапханамызға сыйлаған барлық кітаптарын парақтап көрдім. Олардың ішінде орыс, қазақ классиктерінің көптомдықтары бар. Энциклопедиялық кітаптармен қатар Абайдың, Шәкәрімнің, Есениннің, Есенберлиннің шығармаларын көріп, таң қалдым. Оның сыртында төрт бірдей шахмат тақтасын да сыйға тартты. Сыйға тарта отырып, мектептің бастауыш сыныптарынан бастап шахмат үйірмесін ашу туралы бастама көтерді. Атамыздың бұл бастамасы қолдауға тұрарлық. Сондықтан бүгінгі ән-жырымыз сізге арналады Жақсыбек ата, — дейді №28 мектептің директоры Ләззат Жаналықызы.

Сексеннің сегізіне аяқ басқан ұзын бойлы, ширақ та иығы тік те еңселі қарияның аталы сөзіне ұйыған кітапхана ұжымы мен семинарға жиналғандар Жақсыбек Абылайұлы жасаған республикалық рекордты жақын арада ешкім де жаңғырта алмайды деген сенімге көңіл тоқтатты. «Тектіден текті туады. Атаның жолын қуады» деген тәмсіл өмірімен де, өнегелі ісімен елге үлгі бола білген Жақсыбек Абылайұлына арналғандай.

Ескендір ЕРТАЙ.