ЖИЫНДА АУДАННЫҢ ҚҰРЫЛЫС ЖӘНЕ ҚАРЖЫ САЛАЛАРЫНДАҒЫ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

13

Бүгін аудан әкімі Асқар Естібаевтың төрағалығымен кезекті жиын өтті.

Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім басшылары мен сала мамандары қатысты.

Күн тәртібінде бірінші болып құрылыс саласында атқарылып жатқан жұмыстар мен өзекті мәселелер қаралды. Бұл бағытта аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Ильяс Құралбеков баяндама жасады. Ол өз сөзінде 2025 жылы жүзеге асқан жобалар, құрылысы аяқталған нысандар, келесі жылға өтпелі ғимараттар туралы кеңінен баяндады. Сонымен қатар, аудан аумағында рұқсат құжаттарынсыз салынған заңсыз құрылыстар бойынша да нақты мәліметтер ұсынылып, алдын алу шаралары туралы айтылды.

Аудан басшысы аталған мәселелер бойынша жауапты сала жетекшілеріне нақты тапсырмалар жүктеп, өтпелі нысандардың сапалы әрі уақытылы аяқталуын қадағалауды тапсырды.

Жиын барысында аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Қалымжан Егембердиев 2025 жылға арналған аудан бюджетін игеру барысы туралы баяндама жасады.

Бөлім басшысы биыл бөлінген қаржының игерілу деңгейі мен алдағы жылға жоспарланған жұмыстар туралы кеңінен тоқталды.

Аудан әкімі бөлінген республикалық, облыстық және жергілікті бюджет қаражатын заң аясында, тиімді әрі толық көлемде игеруді тапсырды.

Сонымен қатар, әр сала бойынша бюджеттің жоспарға сай орындалуын бақылауға алып, кемшіліктерге жол бермеу керектігін атап өтті.

Жиынды қорытындылай келе, әр сала бойынша жұмыстардың орындалу барысы тұрақты бақылауда болатынын ескертті.