КЕЛЕС АУДАНЫНДА ЖОЛ ҚАУІПСІЗДІГІН КҮШЕЙТЕТІН ЖАҢА ҚОЙМА САЛЫНУДА

Келес ауданы аумағында, нақтырақ айтқанда республикалық маңызы бар автожолдың 141 шақырымында орналасқан Қаратөбе елді мекені аумағында «ҚазАвтоЖол» мекемесінің бастамасымен арнайы қойма құрылысы жүргізілуде.
Аталған қойма жолдарды күтіп-ұстау және қысқы кезеңде қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз ету мақсатында құм, тұз және басқа да инертті материалдарды сақтауға арналған. Бұл өз кезегінде ауа райының қолайсыз жағдайларында жолдарға жедел қызмет көрсетуге және жол-көлік оқиғаларының алдын алуға мүмкіндік береді.
Жоба аясында қоймамен қатар қосымша екі арнайы техника орналастырылып, пайдалануға берілмек. Бұл техникалар жолдарды тазалау, тайғаққа қарсы материалдарды уақытылы себу жұмыстарын жедел әрі тиімді атқаруға жағдай жасайды.
Аталған бастама Келес ауданы аумағындағы жол инфрақұрылымын дамытуға, тұрғындардың қауіпсіздігі мен қатынас сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады. Құрылыс жұмыстары белгіленген кестеге сай жүргізіліп, қойма алдағы уақытта толық пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.








