ШЫМКЕНТТЕ ТҰМАУҒА ҚАРСЫ ВАКЦИНАЦИЯ НАУҚАНЫ БАСТАЛДЫ

328

Тұмауға қарсы вакцинациялау үшін 2022 жылы жергілікті бюджет қаражаты есебінен «Гриппол +» вакцинасының (Ресей Федерациясының «Петровакс» өндірген) 134580 дозасы сатып алынды. Бұл шымкенттік жалпы тұрғындарының 12,6 пайызын құрайды.

Тұмауға қарсы екпе тіркелген мекенжайы бойынша жер­гілік­ті алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарында жүргізіледі.

Азаматтардың келесі санаттары тұмауға қарсы вакцинациялауға жатады:

— диспансерлік есепте тұратын созылмалы аурулары бар адамдар, оның ішінде:

— алты айдан асқан әлсіреген және жиі ауыратын балалар;

— балалар үйлеріндегі балалар;

— эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша мүгедектер мен қарттар үйлерінің, 60 жастан асқан адамдардың контингенті.

— медицина қызметкерлері;

— жүктіліктің екінші немесе үшінші триместріндегі жүкті әйелдер.

Қазіргі уақытта Шымкент қаласының Денсаулық сақтау басқармасы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментімен бірлесіп ведомствоаралық жедел кешенді іс-шаралар жоспарын және ЖРВИ мен тұмауға қарсы күрес бойынша бірлескен бұйрықты бекітті. МСАК ұйымдары басшыларының және қаланың медициналық ұйымдарының медицина қызметкерлерінің қатысуымен ЖРВИ / тұмау бойынша эпидемиологиялық маусымға дайындық бойынша 2 семинар өткізілді.

 

Тұмау белгілері: дене қызуының көтерілуі, қалтырау, бас пен бұлшық ет, тамақтың ауыруы, жөтелу және әлсіздік.
Тұмау тез өрбиді және бірнеше күннен 2 аптаға дейін созылуы мүмкін. Сырқат өкпе қабынуы және бронхит сияқты асқынуларға әкеледі. Сондай-ақ, бұрыннан бар жүрек пен өкпе ауруларын қайта қоздырады

Алдын алу шаралары:

науқас адаммен байланыста болмауға тырысу;

науқас адаммен байланыста болғанда бетперде тағу;

инфекция таралмауы үшін қолды сабынмен немесе бактерияға қарсы құралдармен жуу;

жөтелгенде және түшкіргенде мұрын мен ауызды бір реттік орамалмен жабу;

көп адам жиналған жерде болмауға тырысу;

бөлменің ауасын жиі тазарту.

Тұмауға қарсы екпе салдыру. 

Тұмау мерзімі басталғанға дейінгі ең тиімді әдіс – вакцина салдыру. Ол тұмауды жұқтыруды төмендетіп, оның адамдар арасында таралмауына көмектеседі. Вакцинация қауіпсіз. Екпе салдырғаннан кейін кейбір адамдарда екпе орнында қызару және ауырсыну, бастың және бұлшық еттің ауыруы, дене қызуының көтерілуі, әлсіздік және жүрек айнуы сияқты жанама әсерлері болуы мүмкін. Дегенмен, олар тез жойылады.

Жүкті әйелдің иммунитеті әлсірейтінін ескере отырып, тұмауға қарсы егілу тиімді. Қазіргі тұмау вакцинасы бала үшін қауіпсіз. Алайда, жүктілік мерзімі 14 аптаға жетпесе, екпе салдыруға болмайды.

Тұмауға шалдыққанда ауруды таратпау және емделу шаралары:

аурудың алғашқы белгілері байқалғанда-ақ дәрігер шақыру;

бір реттік орамал пайдалану;

дәрумендерге бай сұйықтықтар ішу;

дәрігердің нұсқауына сай ем қабылдау.