АУДАН ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ КӨТЕРГЕН МӘСЕЛЕЛЕРІ ЖЕКЕ ҚАБЫЛДАУДА ТАЛҚЫЛАНДЫ

5

Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров азаматтарды жеке қабылдау барысында тұрғындар тарапынан көтерілген әлеуметтік және тұрмыстық сипаттағы өзекті мәселелерді қарады. Қабылдауға жазылған азаматтар жол қауіпсіздігі, жер қатынастары, суармалы жерлердің жай-күйі, тұрғын үймен қамту және ауыл шаруашылығын жүргізуге қажетті инфрақұрылым мәселелерін көтерді.

Атап айтқанда, Оранғай ауылындағы балабақша маңына жол қозғалысын баяулататын жасанды кедергі орнату мәселесі көтеріліп, аталған учаскедегі көлік қозғалысының қарқындылығын ескере отырып, нормативтік талаптарға сәйкестігін анықтау үшін полиция бөліміне ресми хат жолданды. Жол кедергісі құзырлы органның нұсқамасына сәйкес орнатылатын болады.

Сондай-ақ, Бабайқорған ауылдық округінде конкурс арқылы берілген суармалы жер телімінің егін егуге қолайсыз болуы және су жеткізу мүмкіндігінің жоқтығы айтылды. Бұл мәселе су шаруашылығы саласына қатысты болғандықтан, жауапты мекемелерге жолданып, шешу жолдары қосымша қарастырылатыны түсіндірілді.

Жер телімдерінің заңдылығына қатысты да өтініштер түсті. Бір азамат өзге тұлғаның атына мемлекеттік акт рәсімделуіне байланысты шағым білдірді. Тиісті бөлім тарапынан Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, қосымша жер телімдерін беру тек конкурс немесе аукцион арқылы жүзеге асатыны хабарланды.

Қабылдау барысында тұрғын үй кезегіне қатысты мәселелер де көтерілді. Тұрғын үй құрылысы үшін инженерлік инфрақұрылымның дайын болмауына және кезекте тұрған азаматтар санының көптігіне байланысты қазіргі таңда тұрғын үй беру мүмкіндігі жоқ екені айтылды. 2026 жылға тұрғын үй құрылысы жоспарланып отырғаны, ал тұрғын үй кезегін жүргізу «Отбасы банк» арқылы жүзеге асырылатыны түсіндірілді. Қабылдау қорытындысы бойынша әрбір мәселе жауапты бөлімдерге бекітіліп, заңнама аясында нақты шаралар қабылдау жөнінде аудан әкімі тарапынан тапсырмалар берілді.