САУРАН АУДАНЫНДА СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ВЕДОМСТВОАРАЛЫҚ КОМИССИЯ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

4

Сауран ауданы әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті. Комиссия отырысы аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен ұйымдастырылды.

Аудан әкімі күн тәртібіндегі мәселелердің маңыздылығына тоқталып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.

Бірінші мәселе бойынша тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, тұрғын үй инспекциясы және жол құрылысы салаларында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл аясында атқарылған жұмыстар қаралды. Аталған мәселе бойынша тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің маманы баяндама жасап, салада қабылданып жатқан алдын алу шаралары мен бақылау тетіктері туралы ақпарат берді.

Қосымша баяндамамен жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің маманы сөз сөйлеп, жол құрылысы және көлік саласында ашықтықты қамтамасыз ету бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды. Екінші мәселе бойынша ішкі саясат бөлімі мен Жастар ресурстық орталығы тарапынан сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында өткізілген іс-шаралар туралы баяндалды. Аталған тақырыпта ішкі саясат бөлімінің басшысының міндетін атқарушы Қалеке Марат баяндама жасап, түсіндіру, профилактикалық және ақпараттық іс-шаралардың нәтижелерін атап өтті.

Отырыста комиссия мүшелері тарапынан баяндамашыларға сұрақтар қойылып, бірқатар ұсыныстар мен пікірлер айтылды. Қорытынды сөзінде аудан әкімі Мақсат Таңғатаров сыбайлас жемқорлықтың елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына кері әсер ететін қауіпті құбылыс екенін атап өтіп, құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік қағидатын ұстанудың маңыздылығын айтты. Сондай-ақ, отырыс барысында айтылған ескертпелер мен ұсыныстарды хаттамаға енгізіп, тиісті мекемелерге жолдауды тапсырды.