САУРАН АУДАНЫНДА «АРАҚСЫЗ АУЫЛ» БАСТАМАСЫ АЯСЫНДА КЕҢЕЙТІЛГЕН ЖИЫН ӨТТІ

2

Сауран ауданында салауатты өмір салтын қалыптастыру, ішімдіктің зиянын түсіндіру және ұрпақ тәрбиесіне оң ықпал ету мақсатында «Арақсыз ауыл» бастамасы аясында ауылдық округтердің жеке кәсіпкерлерімен кеңейтілген жиын өтті. Іс-шара аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен ұйымдастырылды.

Жиынға Сауран ауданына қарасты ауылдық округ әкімдері, ауылдық округтердегі жеке кәсіпкерлер, ауыл ақсақалдары, белсенді азаматтар, қоғамдық ұйым өкілдері және құқық қорғау органдарының қызметкерлері қатысты. Басқосудың негізгі мақсаты — ауылдық жерлерде зиянды әдеттердің алдын алу, ішімдіктен бас тарту мәдениетін қалыптастыру және қоғамдық тәртіп пен тәрбиелік жұмыстарды күшейту.

Алғашқы сөз Сауран аудандық Ақсақалдар алқасының төрағасы Балтабай Жарылқасыновқа берілді. Ол өз сөзінде арақтан бас тартудың отбасы бірлігіне, ұрпақ тәрбиесіне және ауылдың әлеуметтік ахуалына тигізетін оң әсеріне тоқталып, ақсақалдардың бұл бастаманы қолдауға әрдайым дайын екенін жеткізді.

Келесі кезекте Сауран аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Бердалы Баймұратов сөз сөйлеп, қоғамда қалыптасқан жағымсыз әдеттермен күресте үлкендердің өнегесі мен жауапкершілігі маңызды екенін жеткізді. Сауран ауданының бас имамы Еркін Полатов ислам дініндегі ішімдікке тыйым салу қағидаларына тоқталып, рухани тазалық пен имандылықтың салауатты қоғам құрудағы рөлін атап өтті.

Қорытынды сөзінде аудан әкімі Мақсат Таңғатаров «Арақсыз ауыл» бастамасының ауылдың тұрақты дамуына, ұрпақ тәрбиесіне және қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған маңызды әлеуметтік жоба екенін атап өтті.