АУДАН ӘКІМІ БЕРШІНТӨБЕДЕ СУ ЖӘНЕ ЖАРЫҚТАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫН БАҚЫЛАДЫ

11

Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтың тапсырмасына сәйкес, Сауран ауданында елді мекендерді тәулігіне 24 сағат ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осы мақсатта жаңа су ұңғымаларын қазу, ішкі инженерлік желілерді жетілдіру және инфрақұрылымды жаңарту ісі кезең-кезеңімен іске асуда.

Бүгін аудан әкімі Мақсат Таңғатаров Шаға ауылдық округіне қарасты Бершінтөбе елді мекеніне барып, су жүйесін жақсарту жұмыстарының барысын тексерді. Қазіргі таңда ауылда су ұңғымасы қазылуда, бұл жергілікті халықты таза әрі үздіксіз сумен қамтуға мүмкіндік бермек. Сонымен қатар елді мекенде инфрақұрылым бағытында да оңды өзгерістер жасалуда. Көшелерге жарықтандыру тартылып, электр бағаналары орнатылуда, ал жүйені толық қамту үшін қуаттылығы 160 кВт трансформатор қойылды.

Аудан әкімі нысандарды аралап, жұмыстың сапасы мен мерзімін қадағалап, мердігерге тиісті тапсырмалар берді. Жобалардың уақтылы жүзеге асуы — аудан басшылығының басты бақылауында.

Алдағы уақытта Мәшһүр Жүсіп, Шыпан, Қарашық және А.Үсенов елді мекендерінде де су ұңғымалары қазылады.