ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ КҮРЕС КҮНІНЕ ОРАЙ АҒАШ ЕГУ АКЦИЯСЫ ӨТТІ

4

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде экологиялық мәдениетті арттыруға және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы жүйелі түрде іске асырылып келеді. Осы бастама аясында 9 желтоқсан – Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне орай «Парасат» саябағында ағаш егу шарасы өтті.

Іс-шараға Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов, облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Абылайхан Наурызбаев, Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Әбілсейіт Рабаев, сондай-ақ облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары, ардагерлер, мемлекеттік қызметшілер және ерікті жастар қатысты.

Акцияның негізгі мақсаты – қоғамда экологиялық жауапкершілікті күшейту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және тұрғындарды қоршаған ортаны қорғауға бағытталған игі бастамаларға жұмылдыру. Сонымен бірге, қала аумағында жасыл желекті көбейту, экологиялық ахуалды жақсарту және тұрғындар үшін қолайлы демалыс аймақтарын арттыруға үлес қосу көзделді.

Іс-шара барысында қатысушылар саябақ аумағына бірнеше жүз түп көшет отырғызды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай акциялар табиғатты қорғау санасын нығайтып қана қоймай, қоғамдағы ашықтық пен парасаттылық қағидаттарын кеңінен насихаттауға мүмкіндік береді.

Жалпы, Түркістан қаласында экологияны жақсартуға және сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған іс-шаралар жыл бойы жалғасын табатын болады.