ҚАЛА БАСШЫСЫ ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ЖЕКЕ МӘСЕЛЕЛЕРІН ТЫҢДАДЫ

3

Бүгін Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы жоспарлы жеке қабылдау өткізіп, тұрғындардың әлеуметтік маңызы бар өтініштері мен ұсыныстарын қарады. Қабылдауға алдын ала тіркелген 15 қала тұрғыны қатысты.

Азаматтар тарапынан көтерілген мәселелердің басым бөлігі тұрғын үй, жер қатынастары, білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қолдау салаларына қатысты болды. Атап айтқанда, 6 тұрғын үй мәселесі, 4 жер теліміне қатысты сұрақ, 2 білім саласына байланысты өтініш, 1 денсаулық мәселесі және әлеуметтік қамту мен кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған ұсыныстар айтылды.

Қала әкімі әрбір өтінішті жеке зерделеп, мәселелердің шешілуін қамтамасыз ету мақсатында тиісті бөлімдерге нақты тапсырмалар берді. Әзімбек Пазылбекұлы тұрғындар көтерген сұрақтардың толық зерттеліп, заң аясында қажетті шаралар қабылданатынын да атап өтті.

Айта кетейік, Түркістан қаласы әкімінің жеке қабылдауы бекітілген кесте бойынша әр айдың үшінші сәрсенбісінде өткізіледі. Қабылдауға жазылу Е-отініш ақпараттық жүйесі арқылы немесе Азаматтарды қабылдау орталығы — Фронт-офисте жүзеге асырылады.