ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ ТҰРҒЫНДАРДЫ ЖЕКЕ МӘСЕЛЕЛЕРІ БОЙЫНША ҚАБЫЛДАДЫ

Әлеуметтік саланы дамыту және тұрғындардың өзекті мәселелерін назарда ұстау мақсатында Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Аманжол Бақытжанұлы азаматтарды жеке қабылдады. Алдын ала жазылған тұрғындардың өтініштері мұқият тыңдалып, көтерген мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Қабылдау барысында тұрғын үй, кәсіпкерлік, экономика және туризм салалары бойынша бірқатар сұрақтар қаралды. Аманжол Бақытжанұлы тұрғын үйге қатысты арыз-шағымдар, әлеуметтік қолдау, тұрмыстық мәселелер мен апатты үйлерді жөндеу және қауіпсіз баспанамен қамтамасыз ету бағытындағы өтініштерге басымдық берді .
Бірқатар өтініштер сол сәтте шешімін тауып, тиісті бөлім басшыларына нақты тапсырмалар берілді. Ал қосымша зерттеуді қажет ететін мәселелер заң аясында қаралып, тиісті шаралар қабылданатыны айтылды.
Қала әкімінің орынбасары тұрғындармен ашық байланыс орнату, әр өтінішке жедел әрі тиімді жауап беру — басты міндет екенін атап өтті.
Айта кетейік, Аманжол Бақытжанұлының азаматтарды жеке қабылдауы әр жұма күні бекітілген кестеге сәйкес өткізіледі. Қабылдауға «Е-Өтініш» жүйесі немесе Азаматтарды қабылдау орталығы арқылы жазылуға болады.








