МӘСЛИХАТ СЕССИЯСЫ: МАҢЫЗДЫ ШЕШІМДЕР ҚАБЫЛДАНДЫ

23
 Бүгін Шымкент қалалық мәслихатының сегізінші шақырылымдағы отыз екінші сессиясы өтті. Отырысты мәслихат төрағасы Бахадыр Нарымбетов жүргізді. Сессия отырысына Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары, қалалық мәслихат депутаттары, қала әкімі Ғабит Сыздықбеков және орынбасарлары, аудан әкімдері, басқарма басшылары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
 Мегаполис басшысы қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндап, экономиканың өсімі, инвестициялық және инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылуы, сондай-ақ, әлеуметтік саланың дамуы жөнінде атап өтті. Қала әкімі депутаттарға қолдау көрсетіп, бірлесіп атқарған жұмыстары үшін алғыс білдірді, көпшілікті келе жатқан Жаңа жылмен құттықтап, денсаулық пен амандық тіледі.
 Сессия барысында халық қалаулылары мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобалары бойынша мәслихат шешімдеріне өзгерістер енгізу мәселесін қарады. Сондай-ақ, қала әкімдігі жанындағы Терроризмге қарсы күрес жөніндегі комиссияның құрамын келісіп, Құрмет грамотасын беру туралы ережені бекітті.
 Отырыс қорытындысы бойынша қаладағы әлеуметтік, экономикалық және әкімшілік сала жұмысын жақсартуға бағытталған шешімдер қабылданып, мәслихаттың келесі сессиясын өткізу жоспары бекітілді.