ҚАРАСУЛЫҚТАРДЫҢ ҚОЛДАУЫМЕН «ИСЛАМАБАД» МЕДРЕСЕСІНІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚЫЗУ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

292

Қарасу Ауылдық Округінде «Ауыл – Ел тірегі» жобасы аясында игі істер жалғасын табуда.

Дүниежүзілік тазалық күніне (World Cleanup day) орай, ауылдық округінің әкімі Дамир Сыдыковтың ұйымдастыруымен тұрғындармен сенбілік өтті. Сенбілік күні техникаларды жұмылдыра отырып, көше бойларын әктеу, сырлау, шөп ору, ағаштарды кесу, күл-қоқыс шығару және арық-атыздарды тазалау жұмыстары атқарылды.

Осы жұмыстардың барысымен аудан әкімі Уласбек Садибеков ауылдық округінің кіре-беріс жерінен бастап жаяу жүріп, тиісті басшылармен бірге аралады.

Одан бөлек, аудан басшысы орталық «Исламабад» мешітінің аумағында өтіп жатқан сенбілік жұмыстары мен жаңғақ жемісі өсіп тұрған баумен танысты.

Мешіт имамының айтуынша, ауыл жастарын имандылыққа тәрбиелеу мақсатында аталған мешіт жанынан жаңадан медресенің ғимараты бой көтерілуде. Бұған қомақты үлестерін қосып отырған жергілікті кәсіпкерлер мен тұрғындар. Бүгінгі таңда қарасулықтардың қолдауымен 22 млн. теңгеден аса қаражат жиналып, ағымдағы жылдың тамыз айында құрылысын бастаған болатын. Құрылыс жұмыстары аяқталған соң, алдағы уақытта халықтың игілігіне тапсыру жоспарлануда.

Медресенің ғимараты 3 қабаттан тұрады. Күндізгі уақытта 100 баланың білім алуына жағдай жасалмақ. Сонымен қатар, 50 баланың жатып оқуына да мүмкіндігі қарастырылатын болады.