ТҮРКІСТАН ӨҢІРІНЕН ШЫҚҚАН ҚОС ҚАЙРАТКЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

197

 

Белгілі мемлекет қайраткері, қазақ баспасөзінің сақа менеджері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов пен түркология тарланы, Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры Құлбек Ергөбек «Түркістан облысының Құрметті азаматы» атанды. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды өңірге ерекше үлес қосқан азаматтардың сіңірген еңбегін атап өтті. Белгілі қоғам қайраткерлеріне халық атынан алғыс айтты.

«Ұлысымыздың ұйытқысы – Оңтүстік өңірінен шыққан тау тұлғалармен, өздеріңіз секілді ардақты ағалармен біз әрдайым мақтанамыз. Сіздер білім-ғылым, журналистика және зерттеу салаларында үлкен жетістікке қол жеткіздіңіздер. Еліміздің өркендеуіне, гүлденуіне мол үлес қостыңыздар. Кәсіби маман ретінде өздеріңізден кейінгі буынның қалыптасуына біріңіз қаламгер, саяси қайраткер ретінде, енді біріңіз ғалым, көрнекті әдебиет сыншысы ретінде зор еңбек сіңірдіңіздер. Сіздерге ұзақ ғұмыр, отбасыларыңызға бақ-береке, шығармашылық табыс тілеймін!», деді облыс әкімі.

Сауытбек Абдрахманов Қазығұрт ауданында өмірге келген. Журналистика саласындағы Президент сыйлығының лауреаты, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атақтары бар. «Парасат» орденімен, «Бірлік» алтын медалімен наградталған. Бірнеше медальдің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты. Филология ғылымдарының докторы. Профессор. Қазақстан Журналистика академиясының академигі. Қазақ және орыс тілдеріндегі көптеген кітаптардың авторы, аудармашы.

Əдебиетші, сыншы, публицист, филология ғылымының докторы, профессор, халықаралық Ш.Айтматов академиясының академигі Құлбек Ергөбек Отырар ауданында дүниеге келген. Түркітану ғылымын дамытуға, бүкіл түркі дүниесінің ортақ қазынасы «Бейсенбай Кенжебайұлының түріктану мұражайының» негізін қалап, «Түркі тілдес халықтардың кітапханасын» жасақтаған. Профессор Қ.Ергөбек — «Парасат» орденінің иегері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты. Түркология ғылымының майталман ғалымдары арасындағы беделді тұлғаға туған жерінде лайықты құрмет көрсетіліп отыр.