САЙРАМ АУДАНЫНДА ЕКІ АУЫЛДЫ ЖАЛҒАЙТЫН КӨПІР ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

35
Сайрам ауданына қарасты Манкент және Қарасу ауылдарын жалғайтын, Ақсу өзені арқылы өтетін көпірдің құрылысы толық аяқталып, пайдалануға берілді. Аталған көпір жеңіл автокөліктердің қозғалысына арналған, жүк көліктерінің өтуіне тыйым салынады.
Салтанатты ашылу рәсіміне Сайрам ауданының әкімі Мадияр Оразалиев, аудан тұрғындары мен қонақтары қатысты.
– Мемлекет басшысының инфрақұрылымды дамыту жөніндегі тапсырмалары аясында ауданымызда жол-көлік желілерін жақсарту, елді мекендерді өзара байланыстыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бүгін пайдалануға беріліп отырған бұл көпір – сол нақты жұмыстардың нәтижесі. Нысанның уақытылы әрі сапалы аяқталуына үлес қосқан мердігер ұйымдарға, инженер-мамандарға және сала қызметкерлеріне алғыс білдіремін. Жаңа көпір ел игілігіне қызмет етіп, тұрғындарға ұзақ жылдар бойы пайдасын тигізсін, – деді аудан әкімі.
Айта кетейік, игі дәстүрге сай, келер жыл – жылқы жылы болғандықтан, жаңа көпірден алғаш болып сәйгүліктер салтанатты түрде өтті. Жаңа көпірдің пайдалануға берілуі аудан тұрғындары мен қонақтарының жол қауіпсіздігін арттырып қана қоймай, көлік қозғалысын едәуір жеңілдетеді. Сонымен қатар Қарамұрт пен Ақбұлақ ауылдық округтерінен жүретін көліктер Шымкент қаласына аудан орталығын айналып өту мүмкіндігіне ие болды.