ОРЫНДАУШЫЛЫҚ ТӘРТІП БОЙЫНША МӘЖІЛІС ӨТТІ

20
Түркістан қаласы әкімдігінің аппарат басшысы Қуаныш Әлібековтың төрағалығымен орындаушылық тәртіптің сақталуы, азаматтардың өтініш-шағымдарының уақтылы әрі сапалы қаралуы, сондай-ақ мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға арналған мәжіліс өтті.
Мәжіліс барысында 2025 жылдың қорытындысымен жеке және заңды тұлғалардан келіп түскен өтініштерге жүргізілген талдау нәтижелері тыңдалды. Атап айтқанда, 2025 жылы қала әкімдігіне және мемлекеттік органдарға 5132 өтініш түскені, бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 854 өтінішке артқаны айтылды. Өтініштердің басым бөлігі коммуналдық шаруашылық, тұрғын үй қатынастары және сәулет пен қала құрылысы салаларына тиесілі екені атап өтілді.
Сондай-ақ, мәжілісте Түркістан қаласы әкімінің халықпен кездесулері мен азаматтарды жеке қабылдауларының қорытындысы қаралып, бұл бағытта бақылауды күшейту қажеттігі айтылды. Сонымен қатар заң аясында түсіндірілген және орындалуы мүмкін емес мәселелер бойынша да нақты деректер келтірілді.
Азаматтарды жеке қабылдау нәтижесінде берілген тапсырмалардың орындалу барысына тоқталған аппарат басшысы кейбір бөлімдерде мерзімі өткен тапсырмалардың бар екенін айтып, бұл жағдайға жол берген жауапты тұлғалардың жұмысына тиісті баға берілетінін жеткізді.
Аппарат басшысы Қуаныш Нұржанұлы мәжіліс соңында барлық жауапты мекемелерге орындаушылық тәртіпті күшейтіп, азаматтармен кері байланысты сапалы жолға қою – негізгі міндеттердің бірі екенін қатаң ескертті.