ОРДАБАСЫ: ИНДИКАТОР, ТАЗАЛЫҚ, ҚАУІПСІЗДІК МӘСЕЛЕЛЕРІ ҚАТАҢ БАҚЫЛАУДА

Бүгін аудан әкімі Азат Оралбаевтың төрағалығымен өткен аппараттық жиында аудан өміріндегі аса маңызды бағыттар – экономикалық даму көрсеткіштері, экологиялық тазалық және жылыту маусымындағы қауіпсіздік мәселелері жан-жақты қаралды.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Алтынай Сихымбаева баяндама жасап, индикаторлық көрсеткіштердің орындалу барысын кеңінен тарқатты. Әр сала бойынша жетістіктермен қатар, тәуекел аймақтар да ашық көрсетілді.
Аудан әкімі бұл бағытта әрбір көрсеткіштің артында нақты жұмыс, нақты нәтиже және халыққа тигізер пайда тұруы тиіс екенін атап өтті. Азат Оралбаев салалық басшыларға жоспарды орындау ғана емес, көрсеткіштердің сапалы әрі уақытылы орындалуына жауапты болу қажеттігін қатаң ескертті.
Аппарат жиынында ерекше назар аударылған келесі мәселе – «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасының жүзеге асырылуы болды. Коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Арман Искаков аудан аумағында атқарылған тазалық жұмыстары мен алдағы жоспарларды баяндады.
Бұл мәселе бойынша аудан басшысы егжей-тегжейлі есеп алып, жауапты бөлімдер мен әр ауыл округтері әкімдіктеріне жүйелі тапсырмалар жүктеді. Атап айтқанда барлық көшелер мен нысандарды толық аралап, қоқыс жиналған аумақтарды анықтап, оларды жүйелеп, тазалау жоспарын әзірлеу міндеттелді.
Сонымен қатар жауапты қызметкерлерге тазалық рейдтерін өткізуге толық қолдау көрсетіп, барлық сала өкілдерін жұмылдыра отырып, анықталған аумақтарда жаппай тазалық жұмыстарын ұйымдастыру тапсырылды. Аудан әкімі тазалық мәселесіне немқұрайлы қарауға жол берілмейтінін, бұл бағыттағы жұмыс тұрақты бақылауда болатынын қадап айтты.
Жиын барысында жылыту маусымындағы қауіпсіздік шаралары кеңінен талқыланды. Бұл мәселе бойынша жауапты баяндамашыдан әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің жағдайын жеке-жеке сұрады. Төтенше жағдайлардың алдын алу, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету барысында аудан әкімдігі тарапынан барлық қолдауды көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Аппарат жиынын қорытындылай келе, аудан әкімі берілген тапсырмалардың орындалуы қатаң бақылауда болатынын және әр басшыдан нақты нәтиже сұралатынын айтты.








