ЖАҢАРҒАН ҚАЖЫМҰҚАН МУЗЕЙІ – ҰРПАҚҚА ҰЛАҒАТ

Ордабасы ауданы – ел тарихының алтын өзегі, ұлт рухы мен қайсарлықтың киелі мекені. Осындай қасиетті топырақта орналасқан «Қажымұқан атындағы облыстық спорт музейі» Қажымұқан ауылында, «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық автожолы бойында орналасқан, жақында пайдалануға берілген жаңа, заманауи Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы мәдени-спорт кешеніне қоныстануына байланысты музей қызметін жаңа деңгейге көтеріп, көпшілікке кеңінен насихаттау бағытындағы жұмыстар қолға алынды.
Бүгінде музей ұжымының басты мақсаты – өскелең ұрпақтың тарихи сана-сезімін қалыптастыру, ұлттық спортты, отандық тұлғалардың өнегелі өмір жолын дәріптеу және жас буынның мәдени-танымдық көкжиегін кеңейту. Осы бағытта музейде барша тұрғындар мен қонақтарға арналған танымдық экскурсиялар жүйелі түрде ұйымдастырылуда.
Жаңартылған музей экспозициясында қазақ халқының даңқты перзенті, әлемге әйгілі балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлының өмірі мен спорттағы теңдессіз жетістіктері кеңінен қамтылған. Мұнда тарихи құжаттар, сирек кездесетін фотосуреттер мен құнды жәдігерлер келушілерге ерекше әсер сыйлайды.
Экспозицияның ең бір көрнекті тұстарының қатарында авторы М. Бидәулетов болып табылатын, Қажымұқан атамыздың Ұлы Отан соғысы жылдарында майданға сыйға тартқан ұшағының үлкен макеті, палуанның 1938–1943 жылдары Отырар ауданы, Ақтөбе ауылында тұрған үйінің макеті, сондай-ақ Қажымұқанның өзі тұрған киіз үйі музей төрінен лайықты орын алған. Бұл жәдігерлер келушіні өткен ғасырдың тарихи кезеңіне жетелеп, ұлт перзентінің ел үшін жасаған ерен еңбегін терең сезінуге мүмкіндік береді.
Музейде бұрын болмаған Ордабасы ауданы мен Түркістан өңірінің спорт шежіресін айшықтайтын тың экспозициялар да ұсынылған. Атап айтқанда, күрестің үш түрінен КСРО-ның спорт шебері, «Құрмет» орденінің иегері, педагогика ғылымдарының кандидаты Болат Қырықбаевқа арналған «Спорт жолындағы жауапты жылдар» тақырыбындағы көрме – жас спортшылар үшін нағыз тағылым мектебі. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Қ. Зияевтың спорттық киімдері мен марапаттары да музей экспозициясын байыта түскен.
Әлемдік деңгейдегі спортшылар – Ордабасы мақтанышы
Жаңа музей экспозициясына Түркістан облысынан шыққан, ҚР көркем гимнастикадан спорт шебері Әлия Жүсіпованың жаңа жәдігерлерінің қойылуы көрменің ажарын ашып, оның мазмұнын одан әрі тереңдете түсті. Сондай-ақ Қажымұқан салған сара жолды жалғаған, пауэрлифтинг спортындағы еліміздің дүлдүлдері Артық Досалиев, Арман Сүлейменов және М. Нұрғазиннің спорттық марапаттары да келушілер назарына ұсынылған.
Экскурсия барысында келушілер экспонаттарды тамашалап қана қоймай, ел спортының тарихына терең бойлап, ұлттық рухты сезініп, ерекше рухани-танымдық әсер алады. Бұл – әсіресе жастар мен оқушылар үшін патриоттық тәрбие берудің тиімді алаңы.
Қорыта айтқанда, Қажымұқан атындағы облыстық спорт музейі – Ордабасы ауданының ғана емес, тұтас Түркістан өңірінің рухани бренді. Бұл мекен – өткен мен бүгінді, ерлік пен еңбекті, тарих пен болашақты тоғыстырған тағылым ордасы.
Барша аудан тұрғындары мен қонақтарды жаңарған музейге келіп, тамашалауға шақырамыз!








