
– Баршаңызды Қоғамдық кеңестер институтының құрылғанына 10 жыл толуымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – азаматтық қоғамның орны айқындалып, мемлекет пен халық арасындағы ашық диалогтың дамығанын білдіретін маңызды белес. Өткен он жыл ішінде қоғамдық кеңестер қоғамдық бақылаудың пәрменді тетігіне, мемлекеттік органдардың ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз ететін маңызды алаңға айналды. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыруда қоғамдық кеңестердің рөлі ерекше. Жуырда Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мемлекет басшысы ел тағдырына қатысты маңызды шешімдерді жариялады. Мемлекетіміздің саяси жүйесіндегі өзгерістер мен рухани дамуы бағытындағы бастамалар көтерілді. Міне, осы Құрылтайда айтылған маңызды ойлар мен идеяларды Түркістан жұртшылығы да қолдап, оң пікірлерін білдіріп жатыр. Осы міндеттерді жүзеге асыру үшін Конституциялық реформа жөніндегі комиссия құрылып, оның алғашқы отырыстары өтіп жатыр. Маңызды комиссияға облысымыздың атынан да өкілдер қатысуда. Бұл да жергілікті жердегі азаматтық қоғам институтына деген сенімнің көрінісі. Алдағы уақытта да қоғамдық кеңестер әділетті қоғам құру, заң үстемдігін нығайту, ашықтық пен сенімді арттыру жолында белсенді жұмысын жалғастырады деп сенемін. Осы айтулы мереке күні баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, ел игілігі жолындағы еңбектеріңізге толағай табыс тілеймін! – деген Нұралхан Көшеров бірқатар белсенді азаматқа марапат тапсырды.