ТҮРКІСТАНДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДЕҢГЕЙДЕГІ АКВАПАРК САЛУ ЖОБАСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

27
▪️Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров шетелдік инвестормен кездесіп, өңірде заманауи аквапарк салу мәселесін талқылады. Кездесу барысында Түркістан қаласында ірі демалыс кешенін іске асыру жоспары ұсынылды.
▪️Жобаға сәйкес, аквапарк кешенінің жалпы аумағы 120 мың шаршы метрден асады. Мұнда су аттракциондары бар аквапарк аймағы, кемпинг форматындағы қонақ үй, қабылдау орталығы мен банкет залы орналаспақ. Кешен отбасылық демалыс пен туризмді дамытуға бағытталған.
▪️Аквапарктың басты ерекшелігі – маусымға бейімделетін аттракциондар. Мұндағы су айдыны жазда шомылуға пайдаланылып, суық мезгілде картинг жолына айналады. Бұл кешеннің жыл бойы жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Келушілер үшін биік сырғанақтар, торнадо үлгісіндегі аттракцион, аква-қамал, кемпірқосақ сырғанағы және интерактивті ойын аймақтары қарастырылмақ.
▪️Жаңа туристік кешен Түркістан өңірімен қатар, еліміздің өзге облыстарынан және шетелден келетін туристерге бағытталған. Бастама іске асса, жаңа жұмыс орындары ашылып, өңірдің туристік тартымдылығы артады.
▪️Кездесуде қос тарап өзге де инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелеріне қатысты келіссөз жүргізді. Алдағы уақытта «Turan» арнайы экономикалық аймағында жаңа өндіріс орындарын ашу жұмыстары жанданбақ.
▪️Айта кетейік, облыста қолайлы инвестициялық климат қалыптасқан. Отандық және шетелдік инвестицияларды тарту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. 2025 жылға негізгі капиталға салынған инвестиция жоспары 1 трлн 427 млрд теңге болып бекітілген. Жыл қорытындысымен нақты 1 трлн 746 млрд теңге инвестиция бағытталып, өсім 121,6%-ды құрады.