ТҮРКІСТАНҒА 28000 КІТАП  СЫЙЛАҒАН АНА ТҮРКІСТАННЫҢ “ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ” АТАНДЫ…”

610

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанға рухани мәдени астана мәртебесін беру жайлы айтқаны Түркістандықтарды түгел қуантты.  Түркістан қаласының халқына 28000 кітап сыйлап және жеке қаражатына Түркістан қаласынан Құлбек Ергөбек атындағы зияткерлік бастауыш мектеп  ашып, “Сабина “атты балабақша салған ардақты ана Түркістан қаласы әйелдер алқасының мүшесі Баян Адырбекке Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков биылғы жылы Түркістан қаласының “Құрметті азаматы” атағын табыстады. Баян Адырбек Түркістан қаласының қоғамдық өміріне белсене араласа жүріп, өмірін кітаппен өрнектеген жан. Түркістан қаласы ішкі саясат бөлімінің басшысы Бақытжан Бөкебаевтың айтуынша Түркістан қаласында Азаматтық қоғамды алға сүйреп жүрген Баян Адырбек секілді асыл аналар көп. Біз оларды әрқашан мақтан етіп, құрмет тұтамыз-дейді Түркістан қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Бақытжан Бөкебаев.

Жақсы адамның жақсылығын айту қандай жақсы. Баян Адырбектің азаматтық қыры жайлы  Түркістандық кітапханашы Алима Пашанова былай дейді:

 

-Менің бүгінгі кейіпкерім саналы ғұмырын кітап оқумен, оны зердеде тоқумен, өзі ғана оқып қана қоймай, ел оқысын деп, өмір бойы жинақтаған отбасылық кітапханасын арнайы ғимарат сатып алып, түркітілдес елдер кітапханасына айналдыруға үлес қосумен бірге  айналасына ізгілік пен шапағат нұрын  төгіп жүрген жан.

Сонымен қатар  Алматыдан 28000 кітапты  арқалап Түркістанға қоныс аударып келіп, қазіргі таңда кітап қоры 50000 ға жеткен кітапхананың иесі десек те болады . Алматы қаласында  ұзақ жылдар Қазақстанның ең  маңдайалды ұстазы Аягүл Миразова басшылық ететін №159 Алтынсарин атындағы  мектеп-гимназияда  ұстаздық етіп, білім беру ісінде  жинақтаған барлық  іс- тәжірибесін  туған жерде өз еңбегімен көрсетіп,  «Сабина » балабақшасы мен Профессор Құлбек Ергөбек зияткерлік мектебін басқарып отырған басшы.

Баян Садыққызы  — ұстаздықпен қатар  ғылыми еңбек жазған , тарих ғылымдарының доценті, ғалым,  танымал тұлға  Өзбекәлі Жәнібековты зерттеген, өз жұмысын жоғары деңгейде қорғап, ол тұлға жайлы  екі бірдей кітапты жарыққа шығарды.

Ол —  ғалым, филология ғылымдары докторы, профессор  көптеген оқу құралдарының авторы, әдебиеттанушылардың ұстазы    Бейсенбай Кенжебаев  ағамыздың тілімен айтқанда  «тек адал жарының ғана емес, бүкіл  қазақтың  аға буынына келін, кіші буынға жеңеше»  деген бағаға ие  болған қазақтың қызы .

Бейсенбай Кенжебаев  ағамыздың, қазақтың халық ақыны Мариям Хакімжанованың,  Сәбит Мұқанов ағамыздың жары Мариям Мұқанованың ақ батасын алған жан.

Қазақстандық жазушы Герольд Бельгер өз естелігінде : «Баян нағыз қазақтың баршаға үлгі болар келіні»- деп жазды.

Біздер тек  кітаптан оқып білетін қазақтың арыстары Ахмет Байтұрсыновтың қызы Шолпан апай, Міржақып Дулаттың қызы Гүлнар апай, Мағжан Жұмабаевтың жары Зылиха апайлармен етене араласып, олардың ұлағатты әңгімелерін тыңдап, өз  шаңырағында қонақ етіп күткен Баян апайымызды жанды энциклопедияға балаймын.

Ол- бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербетіп, алтындай үш ұлды дүниеге әкелген Ана.

Бүгінгі кейіпкерім әрбір ұлы ер азаматтың артында ақылды әйел тұрады дегендей,  танымал сыншы, әдебиетші, профессор Құлбек ағайымыздың адал жары, ағамыздың қаламынан туған  «Баянсөз»,  » Баянғұмыр » кітаптарының бас кейіпкері Баян Садыққызы Адырбек!

Өзі басқарып отырған зияткерлік мектепте «Түркістантану»  сабағын енгізіп, зияткерлік ойындар үйірмелерін жоғары деңгейде жүргізуге атсалысып жүрген жаңашыл басшыны қалайша құрметтемеске… Кісілігінен кішілігі басым

Баян апайдың  осылайша жақсы қасиеттерін тізбектей берсем, жалғаса берері анық,  дегенмен мақтауға да, мақтануға да тұрарлық жан дер едім.

Бүгін кітапханашылар мәртебеленіп жатқан кәсіби мереке күні , кітаптың ең жанашыры, кітаптың қадіріне терең жететін, әр сөзінде кітап оқудың нәтижесінде жетістікке жетуге болатынын айтып, кітап деген құдіретке бас иіп, елге қызмет етіп жүрген замандасым, рухани әпкем, үлгі тұтар қымбаттым Баян апай жайлы сөз қозғағым келді.

Қазақта жақсылықтың атасы жетеу деген даналық сөз бар.

Биылғы алтын күз өз жақсылығымен келіп, күні кеше «Құрмет» орденімен марапатталып, су жаңа екі атаулы күн, «Кітапханашылар күні» мен «Республика» күнімен тұспа-тұс келген  төл мерекесінде жақсының жақсылығын айтып, нұрын шашқым келді.

Қымбаттым, Баян Садыққызы!

Еңбегіңіз еленіп, құрметке бөленіп тұрған сәтте кіріп келе жатқан жаңа жасыңыз құтты болсын!

Жаңа жасыңыз тек жағымды жаңалықтар мен жақсылықтар сыйласын.

Отбасыңызға амандық,  баянды бақыт тілей отырып, ұрпақтарыңыздың жетістіктеріне қуанып, шәкірттеріңіздің қуаныштарын бөлісіп, ортамызда сау-саламат жүре беруіңізге тілектеспін.

Өнегелі өміріңіз ұзақ, мәртебеңіз асқақ бола берсін! Құлбек ағайымызбен қоса ағарып, жүз жасаңыздар.

Сіздердің елге бергеннен, берерлеріңіз көп, ендеше жаңа туындылар күтеміз!

 

Алима Пашанова

Түркістан қаласы