ТҮРКІСТАНДА «КӨПЕН КЕЛЕ ЖАТЫР!..» КӨПТОМДЫҒЫНЫҢ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

152

Биыл көктемде, мамыр айында Түркістан қаласы әкімдігінің қолдауымен “Ұлы дала елі” орталығында сатира саңлағы Көпен Әмірбек ағамыздың “Көпен келе жатыр!..” атты көптомдық кітабының таныстырылымы өтіп еді.

Қазақи қалжыңға толы еркін форматта өткен тұсаукесер шараға зиялы қауым өкілдері, өнер өлкесінің майталман тұлғалары, сөз өнерін қадір тұтқан оқырмандар қатысқан-ды. Түркістандық әдебиетсүйер қауымның құрмет көрсетіп, ілтипат танытқанына марқайып қалып еді ағамыз.

Р.S. Тапқыр сөздің тарланы, нар тұлғаның, сол Түркістандағы кездесуде өзі айтқан тағылымды сөздерін және көптомдыққа енген бірқатар ұтымды әзіл-қалжыңдарын еске алып, оқи отырыңыз, қадірменді оқырман!..

КӨПЕН ДЕГЕН АТЫНЫҢ ҚОЙЫЛУЫНЫҢ ӨЗІ БІР ТАРИХ

Көпен деген ат өте сирек. Өскеменде Көпен деген бір ақын бар. Нұрсұлтан Назарбаев осыдан 15 жыл бұрын Көпен деген полковникке генерал атағын берді. Қай жақтан екенін білмеймін, теледидардан көріп: «Ойпырмай, Көпен деген екеу едік, генералмен үшеу болдық» дегенім есімде. Көпен есімінің шығу мәнісі мынада. Шешем 10 бала тапқан. Алтын құрсақ ана. Үш қыз, жеті ұл. Тұла бойы тұңғышы менмін. Әке-шешем қойшы болған. Сырдың жағасында, қамыстың арасында өскенбіз. Киіз үйде тұрдық. Көбіне үстіміздегі киіммен жата салатынбыз. Мектеп бітіріп, Алматыға келіп, студент атанғанда простыня дегеннің не екенін бірінші рет көрдім. 17 жасымда. Шешем киіз үйдің сыртында күбі пісіп тұрады. Ең жақсы әуен күбінің піскені ғой. Күбінің піскені күйдің басы секілді. Кешке таман отар қой келеді. Қозылар жамырап, бірі маңырап, бірі аңырап жатады. Оркестр секілді. Біз осындай далада өстік. Атымды Көпен деп әжем қойған. 9 жасымда қайтқан екен ол кісі. Көпен деген аттың не мағына беретінін елуге таяғанда таптым. Кітаптан. Көпен деген шөп бар екен. Сөйтсем, баяғы заманда бабаларымыз шалғы орақпен шөп шапқанда бір қатарды Көпен деп атаған екен. 10 көпенді жинағанда 1 көпене, 10 көпенені жинағанда 1 шөмеле, 10 шөмеле 1 мая болады екен.

ДҮНИЕДЕГІ ЕҢ ЖАҚСЫ ӘУЕН ҚАНДАЙ?

Расул Ғамзатовтың бір сөзі еске түседі. «Дүниедегі ең жақсы әуен қандай?» дейді. «Қыздың күлкісі». «Жоқ». «Қоңыраудың сыңғыры». «Жоқ». «Аттың дүбірі». «Жоқ». «Бұлбұлдың үні». «Жоқ». «Сонда сіз үшін қандай әуен жақсы?» дегенде: «Мен үшін ең керемет әуен менің Хазар (Каспий) теңізімнің толқындарының бір-біріне соғылып, шулаған толқындарының үні. Жаңағы айтылған әуендердің барлығы соның ішіне кіріп тұр» депті жарықтық. Сол секілді өз басым малдың аңырағанынан, қозының жамырағанынан артық әуен көрмедім.

ШІЛІКТЕГІ ШИРАТУ

Бір күні Шілік ауылына барып 100-150 адамға концерт қойдық. Сол концертте мен Асқар Тоқмағамбетовтың «Май мұрынға – май шелпек» сықағын оқып жатқанымда бірінші қатарда отырған бір адуынды кемпір «әй, шырағым, осы әзілден басқа әзілдерің жоқ па?» деді. Сахнадан әзер түстім. Сосын қашанға біреудің әзілін оқып, біреудің рөлін ойнап жүре беремін деп ой-өрісім ашылды. Сол күннен бастап мен сықақ жазып кеттім. Мені сықақшы еткен сол әже десем, артық айтқаным емес.

КӨПЕН ӘМIРБЕК АТЫНДАҒЫ СЫЙЛЫҚ

2000 жылы елу жасқа келдiм. Өзiм еш жерде жұмыс iстемеймiн. Үйде жатырмын. Содан визитка шығарғым келдi. Елге барам, елмен кездесу өткiзуiм керек. Визитка шығаратын жерге барып, үлгiлерiн қарасам, әртүрлi фирмалардың президентi, бiрдеңе деген ғылымның кандидаты, докторы… толып жатыр. Тiптi, көбiсiнiң тең жартысы атақ-дәреже. Менде оның бiрi де жоқ қой. Өзiмнiң атым, телефоным ғана бар. Содан әзiлдеп: «Көпен Әмiрбек атындағы сыйлықтың лауреаты Көпен Әмiрбек» деп жазып қойдым. Көргенде көпшiлiк күлiп жататын. «Менiң атағым осы» деймiн. Құрманғазы атамыз ешқандай сыйлық алған жоқ қой. Бiрақ, Құрманғазы атындағы консерватория бар. Абай атамыз ешқандай сыйлық алмаған. Атамыздың атында қанша аудан, ауыл, көше аттары бар. Шәмшi Қалдаяқов атамыз сыйлық алмай-ақ өттi. Сондайларды көргенде, атақтың не керегi бар деп те ойлаймын. Мәселен, Филипп Киркоровты Ресейдің Халық әртісі немесе бірнеше дүркін байқаулардың лауреаты деп сахнаға шығарсаң, күлкілі емес пе? Қорқыт атындағы сыйлықтың лауреаты Құрманғазы Сағырбаев десек, ел күлмей ме? Оның үстiне, ұстазым Оспанхан Әубәкiров: «Өнерде атақтың не керегi бар? Жақсы жазсаң болды, соның өзi – үлкен атақ. Жақсы жазсаң, халықтың өзi-ақ мойындайды», – деп жиi айтатын. Осы рас.

ҚАЛА МЕН БАЛА

Астана қаласына қоныс аударып, алпыс бес жасында ұлды болған Көпен Әмірбекті «Хабар» телеарнасының журналистері тікелей эфир арқылы әртүрлі сұрақ қойып, сұхбаттасса керек. Әңгіме арасындағы:

– Сіз астанаға қандай үлес қостыңыз? – деген сауалға сатирик ағамыз:

– Әркім қолынан келгенін істейді ғой, – депті. – Елбасы Есілдің бойынан қала жасаса, мен сол қалада ойнайтын бала жасадым!..

ШӘЙІ ОРАМАЛ

Көпеннің әзілдеп айтқан әңгімесін Шымкент шаһарында тұратын ақын ағасы Нармахан Бегалыға базбіреулер басқаша бұрып жеткізсе керек. Бұра тартқан бұралқы өсекке имандай сенген Нарағаң Алматыдағы інісіне өкпелеп хабарласпай қояды. Онысын іштей сезген інісі бір жылдан соң ағасының Темірландағы кеңсесіне соқса, орнында жоқ екен. Қағазға өлең жазып, хатшы қызға тапсырып кетіпті.

Өсек-аяң жыландай неткен шұбар,

Бір ағаттық ініден кеткен шығар.

Нарағамның көңілі шәйі орамал,

Бір жаз, бір күз, бір қыста кепкен шығар.

Үр сөзімді үрлейді бәрі індетіп,

Құдай сізді жаратқан дарынды етіп.

Көзі шегір Көпенің келіп қалды,

Сүйсең – Көпеш, сүймесең – Әмірбеков!

АТАТҮРІКТІҢ ӨНЕР АДАМЫ ТУРАЛЫ АЙТҚАНЫ

Шенеунік көрсе жүгіріп, қолынан сүйетін әртістердің мүсәпірлігін тіпті түсінбеймін. Ататүріктің мынадай сөзі есімде, «Біз, шенеуніктер, парламент депутаты да, министр де тіпті, президент те бола аламыз. Бірақ біздің ешқайсымыз өнер адамы бола алмаймыз. Сондықтан олар біздің емес, біз өнер адамының қолынан сүйеміз», – деген.

КҮЛЕ БIЛУ – ӨМIР, КҮЛДIРЕ БIЛУ – ӨНЕР, КҮЛКI БОЛУ – ӨЛIМ

Сатирик ағамыз Сейiт Кенжеахметовтiң «Күле бiлу – өмiр, күлдiре бiлу – өнер, күлкi болу – өлiм» – деген жақсы сөзi бар. Күлкi деген рахат қой шiркiн, сонымен бiрге бұл – қаһарлы қару. Сатираны қаһарлы қару деп танысақ, оны қолдан түсiруге болмайды. Қазiр сықақшылар кiмдi, ненi сынаса да, қоғамның жат қылықтарын көрсетсе де, мұның бәрiне күлдiру үшiн үлкен шеберлiк керек. Совет заманында мынаған күлуге болмайды, мынаны айтуға болмайды деген цензура болды, сықақшылар айтқысы келген тақырыптың бәрiнiң алдынан ор қазылып, қақпан құрылып, шекара қойылды. Ал егемендiк алған жылдар iшiнде күлкi де өз тәуелсiздiгiн алды, қалай күлсең де өзiң бiлесiң, яғни шектеу жоқ.

ҚҰДАЙ КҮЛКІДЕН АЙЫРМАСЫН

Біз қажылықққа барып, қайта тазарып қалдық. Өзіміз тазарғаннан кейін, сөзіміз тазарды. Ендігі жерде сол аппақ киімімізді таза ұстап, кірлетпеуге тырысып, сөзімізді, өзімізді дұрыстап жатырмыз. Бұл дегеніңіз үндемей, бұртиып жүрсін деген сөз емес. Жұрттың да көңілін көтеру, ақиқатын айту, ашығын айту, қазылық көрсету, адамзаттан келе жатқан қасиет. Бірақ, баяғыдай төбеден түскендей әзіл айтпай, жөнімен айтып, қалжыңдауға тырыса бастадық. Әзіл айтсақ, риза болып күлетіндей жағдайға жеттік. Демек, өстік деген сөз.

Қазақта «Құдай күлкіден айырмасын» деген жақсы сөз бар, өте жақсы сөз. Неге? Өйткені, адам күлсе шаттанады, яғни ол адам күле алатындай жағдайда деген сөз, біз кімге күлеміз? Кімнің күлкісі басым болса, соның мысы да басым болады, яғни мысы басым адамдар күле алады.

САЙТАННЫҢ СЫРНАЙЫ

— Біз ел-жерді көп аралаймыз, «әр елдің салты басқа» дегендей, руы мен жүзіне де байланысты адамдардың әртүрлі мінез-құлықтары болады, соларды сынау үшін мына бір әңгімені ылғи айтып жүремін:

Сайтан мойнына сырнай тағып алыпты, «ей, мынау не?» дегендерге: сырнай ғой дейді. Оны қайтесің десе: қонаққа барғанда тартамын дейді. Қандай қонаққа барғанда деп сұрағандарға: мұны мен қожалардың үйіне барғанда тартамын, деп жауап береді. Неше рет тарттың десе, әлі бір рет те тартып көрмеппін, — дейді.

Мұны мен тек қожа емес, әртүрлі рулы елге барғанда ыңғайына қарай қолданып айтамын, қазір түсінікті болу үшін айтқаным ғой. Мұны естіп, түсінген жұрт бір күліп алады да, әрі қарай қазақтың дәстүрімен шәй-пәй жалғасып кете барады. Алла күлкіден айырмасын!

40 ТИЫННЫҢ ХИКАЯСЫ

Түсте сабақтан шығып келе жатсам, Ленин ескерткішінің түбінде Шәмші Қалдаяқов пен Мұқағали Мақатев екеуі сөйлесіп тұр екен. Жүгіріп барып сәлем бердім.

– Әй, сары бала, – деді Мұқағали аға, – анау фотограф орысты бері алып кел. Суретке түсейік, сен бала тарихта қаласың. «Менен өткен дарын жоқ!» деп кеудемізге нан пісіп жүрген кез. «Ойпырм-ай, Мұқағали аға менің тарихта қалатындай талантымды байқаған екен-ау!» деп іштей тасыдым.

Ленин ескерткішінің маңында мойнына фотоаппаратын асып алған орыс шалмен сөйлессем, суретке түсудің бағасы 1 сом 80 тиын екен. Қалтамды қақсам – 1 сом 40 тиын ғана бар, 40 тиын жетпейді. Енді не істеймін? Әрі-бері жалынсам, көнбейді. Көнбейтін де жөні бар, өйткені ол кездегі базардың нарқы бойынша 40 тиынға екі қойдың басын сатып алуға болатын. Мойным салбырап, ағаларыма қайтып келдім.

– Не болды? – деді Мұқаң.

– Фотоға түсуге 40 тиыным жетпей қалды, – дедім күмілжіп. Шәмші аға сәл жымиып:

– Онда жететін жерге барайық! – деді «Кооператор» жақты иегімен нұсқап. Опера театрының алдында «Кооператор» деген дүкенде қызыл шарапты стаканға құйып сататын. Сонда келдік, 200 грамм бір стакан вино 40 тиын екен. Қысылатын не бар, фотоға жетпеген 1 сом 40 тиыным шүкір, шарап алуға жетіп-ақ тұр.

…Қазір соған өкінем! Ішім удай ашиды. Шіркін-ай, сонда 1 сом 80 тиыным болғанда ғой, екі ағаммен суретке түсіп, тарихта қалатын ем.