ОРДАБАСЫ: ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ЖОБАЛАР ПЫСЫҚТАЛДЫ

23

Бүгін аудан әкімі Азат Оралбаевтың төрағалығымен аудан аумағында жүзеге асырылып жатқан және алдағы кезеңге жоспарланған инфрақұрылымдық жобалар бойынша жиын өтті.

Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, тиісті бөлім басшылары, коммуналдық сала мекемелерінің өкілдері және жауапты мамандар қатысты.

Күн тәртібінде аудан көлемінде іске асырылып жатқан сумен жабдықтау, кәріз жүйесі, газдандыру, жол жөндеу және абаттандыру бағытындағы жобалардың орындалу барысы жан-жақты қаралды. Атап айтқанда, бірқатар ауылдық елді мекендердегі ауыз су жүйелерін жаңғырту, Темірлан ауылындағы кәріз жүйесінің құрылысы, Шұбарсу елді мекенін газдандырудың кезеңдік жобалары, сондай-ақ жол және қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру жұмыстары талқыланды.

Жиын барысында жауапты сала басшылары атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндап, өтпелі жобалар мен 2026 жылға жоспарланған іс-шаралар жөнінде ақпарат берді. Кейбір нысандар бойынша қаржыландыру, мерзім және сапа мәселелері көтеріліп, оларды шешу жолдары пысықталды.

Аудан әкімі әрбір жоба бойынша нақты тапсырмалар беріп, инфрақұрылымдық жұмыстардың уақтылы әрі сапалы орындалуы қатаң бақылауда болатынын атап өтті. Сондай-ақ тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған жобалардың тиімді жүзеге асырылуы – басты міндет екенін жеткізді.

Жиын қорытындысында жауапты мекемелерге жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру, анықталған кемшіліктерді жою және белгіленген мерзімдерден кешікпеу жөнінде нақты тапсырмалар жүктелді.