«ДАРБАЗА – МАҚТААРАЛ» ТЕМІРЖОЛ ЖЕЛІСІНІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАРЫСЫНДАҒЫ МӘСЕЛЕЛЕР МЕН ЖОСПАРЛАР ПЫСЫҚТАЛДЫ

20

Түркістан облысында стратегиялық маңызы бар «Дарбаза – Мақтаарал теміржол желісінің құрылысы» жобасы іске асырылуда. Жобаны толық іске қосу 2026 жылдың желтоқсан айына жоспарланған. Құрылыс алаңында атқарылып жатқан жұмыстардың барысы қатаң бақылауға алынған. Жобаның құрылысын «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ тапсырысымен «Integra Construction KZ» ЖШС жүргізіп жатыр.

Осыған байланысты Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның құрылыс жөніндегі басқарушы директоры Марат Исқалиевпен және жобаны іске асырушы «Integra Construction KZ» ЖШС өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында жобаны жүзеге асырудың қазіргі жай-күйі баяндалып, құрылыс барысындағы өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдары жан-жақты талқыланды.

Облыс әкімі жауапты тұлғаларға құрылыс жұмыстарын жеделдетіп, тапсырмаларды белгіленген мерзімде әрі сапалы орындауды қатаң тапсырды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Ұлттық құрылтайдың V отырысында «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желісінің құрылысын осы жылдың соңына дейін аяқтау жөнінде нақты тапсырма берген. Сондықтан барлық жауапты мекемелер мен мердігер ұйымдар жұмысты жеделдетіп, белгіленген мерзімде толық аяқтауы қажет. Бұл – өңірдің транзиттік әлеуетін арттырып, экономикалық дамуына серпін беретін маңызды жоба. Аудандардағы станциялардың сәулетін қайта қарап шығып, шығыс үлгісінде ұсынуды тапсырамын, – деді Нұралхан Оралбайұлы.

Жиында «ҚТЖ» ҰК АҚ құрылыс жөніндегі басқарушы директоры Марат Исқалиев «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желісінің құрылыс барысы туралы баяндады. Оның айтуынша, жұмыс барысы қарқынды. Қазіргі уақытта аяқталған жер қазу жұмыстарының жалпы көлемі 9,1 млн текше метрді құрайды. 19,8 шақырымға рельсті шпал торы төселді. Сонымен қатар көпірлер мен өткелдер салу, су құбырларын жүргізу, жасанды құрылымдарды монтаждау жұмыстары қарқынды атқарылуда. Бұл жұмыстарға жалпы саны 560-ден астам адам мен 400-ге жуық арнайы техника жұмылдырылған.

Теміржол желісінің ұзындығы 172 шақырымды құрайды. Жаңа бағыт «Сарыағаш» өткізу пунктінің жүктемесін түсіріеді, сондай-ақ Сарыағаш, Келес, Жетісай, Мақтаарал және Шардара аудандарын байланыстырады. Аталған бағыттың өткізу қабілетін едәуір арттырып, магистральдық көлік, кедендік және шекаралық инфрақұрылымның даму деңгейін көтеруге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, жаңа өндірістердің ашылуына және қосымша жұмыс орындарының құрылуына ықпал етеді.

Жобаның негізгі мақсаты – «Дарбаза – Мақтаарал» жаңа теміржол желісі арқылы жүк және жолаушылар тасымалының көлемін арттыру, транзиттік тасымалдарды ашу, жаңа бағыттарды іске қосу, сондай-ақ Түркістан – Шымкент – Ташкент учаскесіндегі өткізу қабілетін тәулігіне 35 жұп поезға дейін ұлғайту.

Жиын барысында Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Ерғали Тілеген, Сарыағаш, Келес, Мақтаарал, Жетісай аудандарының әкімдері жобаны қысқа мерзімде жүзеге асыру үшін жер телімдерін мемлекет мұқтаждығына алу рәсімдерін жүргізу, сондай-ақ жер телімдерін сатып алу жұмыстары туралы ақпарат берді.

Айта кетейік, Түркістан облысында Мемлекет басшысының 2023 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауына сәйкес «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол жобасын жүзеге асырылуда. Жобаға 2025 жылдың соңында мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған.