ОТЫРАРДЫҢ ЖАҢА КЕЛБЕТІ: ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ЖОБАЛАР ЕЛ ИГІЛІГІНЕ ҚЫЗМЕТ ЕТУДЕ

11

Өңіріміздің тарихи-мәдени орталығы саналатын Отырар ауданында абаттандыру және инфрақұрылымды жаңғырту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлының тапсырмасына сәйкес аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің үйлестіруімен аудандық бюджет есебінен іске асқан жобалар елді мекендердің сәулеттік ажарын ашып қана қоймай, тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз етуге бағытталып отыр.

Қасиетті Отырар туризм кластерін дамытуға қолайлы аймақтың бірі. Сондықтан да аудан аумағындағы «Арыстанбаб» кесенесі маңын абаттандыру жұмыстарына ерекше көңіл бөлінген. Осы масқатта кесене жанынан өтетін айналма жолдың қасбеттерін абаттандыру жұмыстары атқарылды. Қасбеттерді бірыңғай стильде жаңарту кесенеге келетін зияратшылар мен шетелдік қонақтар үшін ауданның мәдени деңгейін көрсететін маңызды қадам болды.

Сондай-ақ, Түркістан – Шәуілдір бағытындағы ауданға кіре беріс бас қақпаны абаттандыру жұмыстары аяқталды. Бұл жұмыстар арқылы аудан табалдырығын аттаған әрбір жолаушы Отырардың жаңарған, заманауи кейпін көре алады.

Осы мақсаттағы жұмыстар аудан орталығы — Шәуілдір ауылында да жалғасын тауып, Ұ.Арғынбеков даңғылы бойындағы 8,2 шақырымды қамтитын көше шамдарына жарықдиодты элементтерді орнату жұмыстары сәтті аяқталды. Жаңа жарықдиодты шамдар энергияны үнемдеумен қатар, түнгі уақытта жол көрінісін жақсартып, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға септігін тигізеді.

Аудан орталығынан бөлек, елді мекендердің ішкі инфрақұрылымын дамытуға баса көңіл бөлінуде. Отырар ауыл округіне қарасты Арыс елді мекеніндегі Малдыбеков көшесін абаттандыру жұмыстары ауыл тұрғындарының көптен бері көтеріп жүрген өзекті мәселелердің бірі болатын. Көтерілген мәселеге байланысты аудан әкімінің тапсырмасына сйкес ұзындығы 2850 метр болатын бұл көшеге заманауи аяқжол (тротуар) салынып, толықтай жарықтандыру жүйесі жүргізілді. Аудандық бюджет есебінен іске асқан бұл жоба әсіресе жаяу жүргіншілер мен мектеп оқушылары үшін жылдар бойы шешілмей келген түйткілді мәселенің түйінін тарқатты.

Отырар ауданындағы бұл оң өзгерістер — жергілікті билік пен мердігер мекемелердің бірлескен жұмысының нәтижесі. Абаттандырылған көшелер, жарқыраған шамдар мен жаңарған қасбеттер аудан халқының игілігіне қызмет ете бермек. Алдағы уақытта да осындай ауқымды жобалардың қатары жалғасын табатын болады.