ЖАСӨСПІРІМДЕР АРАСЫНДА ҚАЗАҚСТАН ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ ЖАБЫЛУ САЛТАНАТЫ ӨТТІ

Түркістан қаласында 20–30 қаңтар аралығында шахматтан 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты жоғары деңгейде өтті.
Жарыс Олимпиада резервін даярлау орталығында ұйымдастырылып, еліміздің барлық 17 облысы мен республикалық маңызы бар қалалардан келген мыңға жуық жас спортшыны біріктірді.
Чемпионат классикалық шахмат, рапид және блиц бағдарламалары бойынша өткізілді. Аталған дода жас шахматшылардың шеберлігін шыңдап қана қоймай, олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға зор мүмкіндік берді.
Ауқымды жарыста Түркістан облысының жас шахматшылары ерекше көзге түсіп, бірнеше жас санатында жүлделі орындарға ие болды. Жергілікті спортшылар тартысты партиялар өткізіп, табандылық пен жоғары дайындық деңгейін көрсетті. Түркістандық ойыншылардың нәтижелері өңірде шахмат спортының жүйелі түрде дамып келе жатқанын айқындады.
Атап айтқанда, Түркістан облысының намысын қорғаған бірқатар жас шахматшылар классика, рапид және блиц бағдарламалары бойынша жүлдегерлер қатарынан көрініп, өздерінің жоғары әлеуетін дәлелдеді. Бұл — өңірде жас спортшыларды даярлауға жасалып жатқан қолдаудың нақты нәтижесі.
Жалпыкомандалық есепте Астана қаласының құрамасы 16 алтын медаль жеңіп алып, чемпион атанғанымен, Түркістан өңірінің спортшылары да өз алаңында лайықты өнер көрсетіп, ел назарын өздеріне аударды.
Түркістанда өткен республикалық чемпионат жас буынның шахматқа деген қызығушылығын арттырып, болашақ халықаралық деңгейдегі спортшыларды тәрбиелеуге серпін берді. Сонымен қатар бұл жарыс Түркістан қаласының ірі республикалық спорттық іс-шараларды қабылдай алатын орталық екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.








