ӘРЕКЕТ ТҮБІ – БЕРЕКЕТ

394

Назгүл Сабаева өзі пісірген француз батонымен көрші-қолаңға танымал болған наубайшы. Шағын кәсіптің шырайын келтіріп отырған наубайшымен сұхбаттасудың сәті.

Назгүл Сабаева отбасында тып-тыныш бала тәрбиесімен айналысып жүрген үй ханшайымы еді. Аяқ астынан жұбайы қызметінен босап, табысынан айырылды. Бір ғана жалақымен күнелтіп отырғандықтан отбасында күнкөрістері қиындай түсті. Мәселені шешудің жалғыз жолы қарекет ету болғандықтан, кейіпкеріміз үйге кіріс кіргізудің түрлі әдісін қарастырған болатын. Содан ыдыс жуушы болып мектепке қабылданды.
–Күйеуім жұмыстан шығып қалған соң ақшадан тарықтық. Мен де үйде жата бермей еңбек етейін деп шештім. Смартфонымды алып, OLX бағдарламасына кіріп, өзіме жұмыс іздей бастадым. Қолымнан бір нәрсе келеді деп те айта алмаймын. Сондықтан болар «мектеп асханасына қызметшілер керек» деген хабарламаға көзім шалды. Әзірге бар істей алатыным ыдыс жуу болды. Мектеп басшысымен жолығып, асхана қызметшісі болып жұмысқа қабылдандым. Ол жерде үш жыл көрген-білгендерімнен тәжірибе жинақтай түстім, – дейді кейіпкеріміз.
Оның кәсіп ашуға деген талпынысы кішкентай асханадан басталды. Ыдыс жуумен қатар, бірге жұмыс істейтін аспаздарға қарап, дәмді тағамдар жасауға құлшынысы ояна бастады.
–Олардың түрлі-түрлі тағамдар, нан, тоқаш пісіргендеріне қызығып, кейде қазан-ошақтың ісіне кірісіп кететінмін. Солай аспаздардың көмекшісіне айналдым. Картоп, пияз, сәбіздерін ашып, қамырын илеп жүргенде қолымнан біраз нәрсе келетінін ұқтым. Осылай жүргенде аяқ астынан карантин басталып, мектеп жабылды. Амал жоқ қайтадан үйде отырып қалдым, – дейді ол.
Бірде кейіпкеріміздің үйінде нан таусылып, балаларын дүкенге жұмсайды. Дүкенде нан жоқ, наубайшы Өзбекстанға кетіп қалғанын естиді. Содан өз қолымен үйде нан жабады. Жары мен балары «дүкеннен алған нан мұндай тәтті емес» деп тамсанып жейді. Осыдан бастап «неге нан жауып сатпасқа» деген ой келеді. Осылайша кәсібін бастап кеткен Назгүл Берікқызы осы жағдайды былай баяндап берді:
–Балаларыма сенбей, көшенің басындағы дүкенге нан алайын деп өзім бардым. Барсам шынымен де нан жоқ екен. Сатушы қыздың айтуы бойынша наубайхана жабылыпты. «Келген адамның бәрі нан сұрап кетті, енді нан пісіретін адамды қалай табамын» деп отырған Салтанатқа (дүкендегі сатушы қыз) «нанды өзім жауып, саған өткізейін» деп ұсыныс тастадым. Ол қуана-қуана келісті,– дейді наубайшы.
Осы сәттен бастап Назгүлдің кәсібі дөңгеледі. Үйіндегі 10 келі ұнмен кәсібін бастап кетті. Назгүл пісірген нанның күніне 200-дей данасы кешке дейін өтіп кетеді екен.

–Сол күннен бастап үйден қолымнан келгенше анамнан, енемнен көргенімді есіме түсіріп, үй жағдайында сүтті нан жабуды бастадым. Нанның қамырын дайындап, пешке пісіремін. Бастапқыда дүкендегі сатушыға күніне 20-30 нан пісіріп апардым. Ол менің еңбекақымды беріп отырды. 10 келі ұнмен бастаған наным күндер өте 50 келі ұн алатын қаражатқа жетті. Бір өзім үлгермей кеткен соң, балаларым қолқанат болды. Мен нан жапсам, екі балам дүкендерге тасыды. Уақыт өте келе көршілерім де тапсырыс бере бастады. Тапсырыс көбейіп, күніне 200-дей нан жабатын болдым. Кейін үлкен пеш сатып алуға тура келді, – дейді ол.
Отбасылық кәсіптің тетігін тапқан Назгүл нан өнімдерін әсемдеп, сыртқы орамын көздің жауын алатындай етіп безендіріп, өзгелерден ерекшелене түсті. Осы арқылы көпшілікті қызықтыра бастады. Тұтынушылар саны да күн санап көбеюде. Сұхбат барысында бизнес бастауына бірден-бір себепші болғандар Назгүлдің мектептегі ұжымдастары. Кейіпкеріміздің қолының ебі бар екенін аңғарып, қамыр дайындаудың техникаларын үйретіпті.
–Бір күні көрші тұратын әйел үйіне ас өткізбекші болып, маған тапсырыс берді. Оған нан, қаттама пісіріп бердім. Пісіргендерім асқа келген қонақтарға қатты ұнаған секілді. Үй иесінен «қаттаманы кім пісірді» деп сұрағанда, ол мені нұсқапты. Содан маған келіп «тапсырыс берсек бола ма?» деп сұрады. Мен «әрине, болады» деп ісіме деген махаббатым одан әрі оянды. Өзімді дамытуды қолға алдым. Шеберлік сабақтарына қатыстым. Инстаграм желісінен «Балдай Нұр» деген парақшаға жазылып, ондағы әр түрлі пішінде пісірген нандарды көріп қызықтым. Бір күндік оқу курсын сатып алдым. Таңертең сағат 9:00-да барып, кешкі 18:00 ге дейін шебердің үйіне барып, біраз нәрсе үйрендік. Ол кісі үйінің жанынан жаздық асхана ашып алған екен. Қыз-келіншектерді сонда оқытады. Шеберімен үнемі байланыс орнатып, күнделікті пісірген нандарымды есеп ретінде көрсетіп отырдым. Бәрін үйреніп, кейін түрлі сәнделген нандар пісіріп, бәліштің үстіне асқабақ, шекілдеуік дәнін сеуіп, әдемі етіп жасадым, – дейді Назгүл Сабаева.

Кәсіпкердің еңбегін елегендер тапсырысты көбірек бере бастады. Тұтынушылар құдалық салтына өздерінің «нан тоғыздарын» алуға келгенде наубайшының үйінде күтіп қалатын күндер болады. Соны көрген жолдасы көп ойлана келе, үйінің ауласынан жазғы ас бөлмесін соғып береді. Жас кәсіпкердің тұтынушыларының саны көбейген сайын, пеш және қажетті ыдыс жиынтықтарын алуға тура келді. Өзінің қаражаты жетпегендіктен, мемлекеттік гранттың көмегіне жүгінді.
–2018 жылдан бері мен «нан тоғыз» пісіре бастадым. Бір жылдан бері серіктеспен жұмыс істеп келдім.Серіктесіме сэндвичке бәлішін пісіріп беремін. Ол қоспасын жасап, дүкендерге өткізеді. Бір күн сол жігіттің бәлішін жасасам, екінші күні күлше нанымды пісіремін. Осылай-осылай арасына күн салып, кезектесіп істеймін. Апта бойы жұмысым сол. Демалыс күндері той-жиынға тапсырыс өте көп болғандықтан, нан пісіруге керекті құрал-жабдықтар да қажет бола бастады. Оған менің қаражатым жетпегендіктен, мемлекеттің «Бизнес бастау» жобасына қатыстым. Ойламаған жерден грантқа ие болып, бөлінген ақшаға өзіме керекті заттарымды алдым, – дейді ол.
Бүгінгі кейіпкеріміз өз кәсібін дамытып, ел экономикасына өз үлесін қосуда. Берілген мүмкіндікті тиімді пайдаланған жанға «Бизнес бастау» жобасы даңғыл жол ашады. Қазақта «әрекетке – берекет» деген жақсы сөз бар. Өмірден көп нәрсені күтпей, өзіміз жақсы ниетпен әрекетін жасай берсек жеткілікті. Сөздің түйіні – осы!