“ИДЕОЛОГИЯНЫҢ ТҮБІ БІЛІМ ЖҮЙЕСІНЕН БАСТАЛАРЫ АНЫҚ…”

354

Білім саласына қатысты сыни пікірлер мен кемшін тұстар облыс төңірегінде ғана емес, жалпы ел бойынша өзектілігін жоғалтпай келеді. Ең басты факторлары — жемқорлық пен қағазбастылық. Өйткені, аталған факторлар мұғалімдердің жұмысқа орналасуы, олардың аттестациядан өтуі немесе категория алуы, оқушыны мектепке қабылдау және осы сынды өзге де түрлі заңсыздықтардың өршуіне негіз болады. Сондықтан да идеологияның түбі білім жүйесінен басталары анық.

Облыстық білім басқармасы мәселелердің шешімін қарастыру бойынша бірнеше жобаға талдау жүргізіп, ұстаздардың ұсыныстарын ескеріп, жалпы кеңесе келе тиімді жолдарды нақтылады. Білім жүйесін цифрландыру арқылы енді салаға қатысты бүкіл процесстер автоматтандырылып, адамдардың өзара қарым-қатынас жасауы азаяды. Енгізгелі отырған жүйе — “Білімді Түркістан” деп аталады. «BilimLand.kz» жобасы аясында жасалу үстінде. Атап өтерлік, бухгалтериялық жұмыстарды да жаңа бағдарламамен жүргізу қарастырылуда.

«BilimLand.kz» цифрлық білім беру платформасы — педагогтар мен оқушыларға жақсы таныс. 2011 жылы Астана қаласында пилоттық жоба ретінде іске қосылған жүйе, кейінірек Павлодар мен Жамбыл облыстарына енгізілген. “Болашақ” білім беру бағдарламасының түлектері құрған жоба бүгінде көршілес Ресей, Өзбекстанда жұмыс істеп тұр. Қазіргі таңда жобаға сұраныс артқан. Енді Түркістан облысында сынақтан өтуде.

Облыс әкімі Дархан Сатыбалды, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Қанат Қожахметовпен бірге көптілді білім беру онлайн-платформасымен таныстық. Аталған құзырлы агенттік өкілдерінің өзекті мәселемен тікелей танысуы керек-ақ.

Жоба жетекшісі Рауан Кенжехан бастаған креативті топ мамандары ерекшелеу жобаларды ұсынуда. Бірі оқу процесін заманауи бағытта дамыту болса, екіншісі білім саласының қаржылық есебі мен шығыстарына қатаң қадағалау енгізуді көздейді. Жоба уақыт үнемдеп, кабинеттен-кабинетке жүгіруді тоқтату әрі қаржылық шығындарды қысқартуға да көмегін тигізеді.

Онлайн-мектепте 37 пән бойынша 25 мыңнан астам интерактивті тапсырмалар, 35 мыңнан астам бейнесабақтар, 544 мыңнан аса аудио жинағы бар. Сондай-ақ 200 мыңға жуық тест тапсырмалары топтастырылған. Ең құптарлығы — ҰБТ мен аттестаттауға дайындалу үшін 77 мың тест сұрағының базасы жасақталған. Жалпы білім беру процесстерді жүргізуге мүмкіндік көп.

Мұнан бөлек, жоғарыда атап өткендей сыбайлас жемқорлықты шектеу шаралары бойынша «Фаворит» жүйесі іске қосу талқылануда. Бұл – бухгалтериялық операциялар интернет арқылы жұмыс істейтін, әртараптандырылған, барлығы автоматтандыратын бағдарлама. Әзірге облыс көлемінде пайдалану тиімділігін анықтау бойынша зерделенуде. Облыс басшысы жобаларды тағы да терең талдап, алдымен шағын топта тәжірибелік мақсатта іске асырып көруді міндеттеді. Өйткені бұл салада 514 мың оқушы, 200 мыңдай бүлдіршін, 75 мыңдай мұғалім мен тәрбиеші еңбек етуде-дейді Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев.

“ARA-ақпарат”