ЖАЛҒАН ДЕРЕК ҰСЫНҒАНДАР ЖАЗАЛАНАДЫ

87

Респонденттерге қатысты мемлекеттік бақылау жүргізу тәртібіне өзгерістер енгізілді. Енді респонденттер бастапқы статистикалық деректерді уақтылы тапсырмаса, профилактикалық бақылаусыз-ақ айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бұл туралы ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Шымкент қаласы бойынша Ұлттық статистика бюросы департаментінің басшысы Ерназар Сейтханұлы айтты.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткізілген брифингте 2024 жылдың 6 сәуіріндегі «Бизнесті жүргізу мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы аясында «Мемлекеттік статистика туралы» ҚР Заңының 12-2-бабына өзгерістер енгізілгені туралы айтылды. Аталған өзгерістер 8 маусымнан бастап өз күшіне енеді.
– Енді әкімшілік деректерге қатысты мемлекеттік бақылау қашықтан бақылау, мерзімді және жоспардан тыс тексеру нысанында жүзеге асырылады. Бұл шаралар респонденттердің статистикалық мәліметтерді ұсыну тәртібінде құқық бұзушылықты азайтуға бағытталған. Әкімшілік дереккөздерге қатысты мемлекеттік статистика саласындағы мемлекеттік бақылау 5 кезең бойынша жұмыс істейді. Олар, әкімшілік деректердің анық еместігін, деректердің ұсынылмағанын, әкімшілік деректерді жинауға арналған, келісілмеген нысандарды, көрсеткіштерді есептеудің келісілмеген әдістемелерін және берілген ақпараттың басқару жөніндегі талаптарға сәйкес келмеуін анықтау мақсатында жүргізіледі, – дейді Ерназар Сейтханұлы.
Бұл өзгерістер қоғамға оң әсерін тигізеді. Статистика экономиканың айнасы деп білсек, респонденттер арасында немқұрайлылық танытып, дәйексіз материалдар ұсынатыны, жалған ақпарат беретіндері бар болып шықты. Бұл мәселе шағын кәсіпорындарда ғана емес, үлкен өндірістік мекемелерде де кездеседі екен. Енді заңға енгізілген өзгеріс алдағы уақытта барлық кәсіп иелерін тәртіпке шақырады.
Брифингте айтылған «Мемлекеттік статистика туралы» ҚР Заңына сәйкес респонденттер статистикалық деректерді алғаш рет бұрыс ұсынғаны үшін ескерту беріледі. Мүлде ұсынбағаны үшін айыппұл салынады. Айыппұлдар келесі мөлшерде белгіленеді: жеке тұлғаларға – 10 АЕК, лауазымды тұлғаларға, КЕҰ-ға, шағын бизнес субъектілеріне – 14 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 20 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 120 АЕК.
Алғашқы бұзушылықтан кейін бір жыл ішінде бастапқы статистикалық деректерді тапсыру мерзімін қайта бұзу (сондай-ақ дәйексіз мәліметтерді қайта ұсыну) анықталған жағдайда: жеке тұлғаларға – 14 АЕК, лауазымды тұлғаларға, КЕҰ-ға, шағын бизнес субъектілеріне – 20 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 40 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 150 АЕК деңгейінде айыппұл салынады.

Гүлжауһар БАЖАҚАЙ