ТҮРКІСТАНДА 250 ЖАҢА ЖҰМЫС ОРНЫН ҚҰРУҒА МҮМКІНДІК БЕРЕТІН ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБА ЖОСПАРЛАНУДА

Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы Қытай Халық Республикасының «Shanghai Shenkun Decoration Co., Ltd.» компаниясының өкілдерін қабылдады.
Кездесу барысында компанияның Түркістан қаласы аумағында «Күйдірілген шыны және алюминий профильдерін өндіру» инвестициялық жобасын іске асыру жоспарлары талқыланды.
Жобаның жалпы инвестициялық құны 20 млн АҚШ долларын құрайды. Аталған жобаны жүзеге асыру нәтижесінде 250 жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Инвесторлар өндірістік қуаттылық, қолданылатын заманауи технологиялар, сондай-ақ жобаны іске асыру кезеңдері жөнінде жан-жақты ақпарат ұсынды.
Кездесу қорытындысы бойынша салалық жауапты мекемелерге жобаны жан-жақты сүйемелдеу, қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және рұқсат құжаттарын рәсімдеу мәселелері бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Сонымен қатар, жобаны іске асыру барысында туындауы мүмкін өзекті мәселелер талқыланып, оларды уақтылы әрі тиімді шешу тетіктері айқындалды.
Айта кетейік, қазіргі таңда Түркістан қаласында қытайлық инвесторлардың қатысуымен жалпы құны 163,2 млрд теңгені құрайтын, 3 800 жаңа жұмыс орнын ашуға бағытталған 9 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.







