САЯСИ РЕФОРМАЛАР ЕЛ ӨМІРІНЕ ЕЛЕУЛІ ӨЗГЕРІСТЕР ӘКЕЛДІ

39

Қазақстан – президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет. Конституцияға сәйкес, біздің ел өзін адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандығы ең қымбат қазынасы саналатын демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде танылған.
Біз тәуелсіз, реформалары орныққан дамушы елміз, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа Жолдауында атап көрсеткендей, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» атты басты бағытты ұстанатын, алға қарай даму жолындағы мемлекетпіз. Соңғы бір жылда елімізде болған саяси өзгерістер, атап айтқанда, Жалпыұлттық референдум, кезектен тыс Президент сайлауы, Парламент мәжілісі мен жергілікті деңгейдегі мәслихаттар сайлауы, және ауылдық округтегі әкімдер сайлауы және тағы басқа өзгерістер «Жаңа Қазақстанды» бірге құру жолындағы нақты қадамдар.
Біздің мақсатымыз айқын. Жалпы, ел болашағы – мықты басшы, бірлігі бекем халық, жігерлі жас, білімді ұрпақтың қолында, мемлекет дамуы орныққан реформа арқылы жүзеге асатыны сөзсіз. Еліміздің алдында тұрған басты міндеттің бірі – халықтың тұрмыс тіршілігін жақсарту, өмір сапасын мен табысын арттыру.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев алғаш өзінің қызметтік лауазымына келгеннен кейін, бірден елді демократияландыруды қолға алып, билікке халықтың жақындауын басты мақсат етті. «Халық үнін еститін мемлекет» тұжырымдамасы арқылы бүгінгі күні елдің үнін, тілегін, ниетін жоғары билік құрылымы «еститін» болды. Аудан әкімдері бұрын халық алдында жылына 1 ақ рет есеп беретін болса, қазір тоқсан сайын есеп беріп, облыс әкімдері жарты жыл сайын халық алдына шығып, әрбір халықтың айтқан сөз-пікірінің орындалуы қандай деңгейде екенін негізгі бағытқа алды.
Жалпы, соңғы бір жыл көлемінде елдегі саяси, экономикалық реформалардың барлығы мемлекеттің дамуына, азаматтардың конституциялық құқықтарын күшейтуге, қоғамдағы азаматтық белсенділіктің қалыптасуына, түптеп келгенде қазақстандықтардың жайлы өмір сүруі үшін жасалып жатқаны айқын.
Елде қандай өзгерістер болмасын, бір мемлекетте өмір сүріп жатқаннан кейін бірлік туын бірге көтеріп, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруға тиіспіз. Біз дамудың жаңа кезеңіне қадам бастық. Билік институттары мен халық етене жақын «Жаңа Қазақстанды» қалыптастыруды жүзеге асыруға бірге атсалысуымыз керек. Бұл біздің азаматтық борышымыз деп есептеймін.
Сәбит БАЙМАҒАНБЕТОВ,
Қ. А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің аға оқытушысы, «Экономика, қаржы және есеп» кафедрасы, PhD докторы