ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА БЫЛТЫР 150 МЫҢҒА ЖУЫҚ АДАМ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛҒАН

2025 жылы облыс тұрғындарын жұмыс орындарымен қамту және жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» бекітілген болатын. Нәтижесінде былтыр 147 719 азамат жұмыспен қамтылды. Оның ішінде 100 046 тұрғын тұрақты жұмысқа орналасса , ал 47 673 азамат уақытша жұмыспен қамтылды. Бұл туралы брифингте Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мекенхан Қозыханұлы мәлімдеді.
«Қазіргі таңда облыста 822 014 азамат жұмыспен қамтылған. Олардың ішінде жалдамалы қызметкерлер саны — 442 211, өздігінше жұмыспен қамтылғандардың саны — 379 803. Өңірдегі 40 мыңға жуық тұрғын жұмыссыз ретінде тіркелген. Аймақтағы жұмыссыздық деңгейі — 4,6%, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі — 1,8%, ал әйелдер арасында — 5,4%. Сондай-ақ, 31 мыңнан астам азамат мемлекет тарапынан субсидияланатын жұмыс орындарына жолданды. Ұлттық жобалар аясында 357 жоба жүзеге асырылып, 4 333 жұмыс орны ашылды. Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орындарын құру» тапсырмасына сәйкес өңірде 35 917 жұмыс орны ашылды. Жаңа бизнес жобаларды дамыту үшін 400 айлық есептік көрсеткіште 1 792 адамға 2,8 млрд теңгеге грант берілді. Биыл «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында 74 516 адамды жұмыспен қамту жоспарлануда. 2026 жылы облыста 77 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 1 136 жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Бұдан өзге, пробация қызметінің есебінде тұрған адамдар үшін 2025 жылы бекітілген 177 квота орындары толығымен орындалып, 2026 жылға 119 мекемеге 180 квота орындары бекітілді. Былтыр облыста 62 244 адамға 6,1 млрд теңгеге атаулы әлеуметтік көмек төленді. 2026 жылы кедейлікті төмендету мақсатында 59,1 мың адамды АӘК-пен қамтамасыз ету жоспарланып, бұл мақсатқа 6,5 млрд теңге бөлінді» — деп баяндады басқарама басшысы.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен аудан-қалаларда 17 Отбасын қолдау орталығы ашылды. Онда 6 667 азаматқа қызмет көрсетілген. Өңірде 102 401 адам мүгедектігі бойынша есепте тұр. 2025 жылы мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғауға жалпы көлемі 19,6 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар, биыл 65 994 мүгедектігі бар адамды әлеуметтік оңалту шараларымен қамтамасыз ету үшін республикалық және облыстық бюджеттерден 13,5 млрд тенге қаржы бөлінді. Сондай-ақ, 2025 жылы облысқа 990 этникалық қазақ қоныс аударып, оларға «Қандас» мәртебесі берілді. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығымен Түркістан облысы бойынша 2025 жылға шетелдік жұмыс күшін тартуға 1 107 бірлік квота бекітілді. Бөлінген квота негізінде 1 137 шетел азаматына рұқсат берілді.







