ҚОС АРДАГЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

97

Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев пен Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов ҰОС ардагері Бадан Төребай мен тыл ардагері Қалтай Алдиновтің шаңырақтарына барып, облыс әкімі Дархан Сатыбалдының құттықтау хатын табыстады.

Өз кезегінде соғыс ардагері мен тыл ардагері жас ұрпақтың бейбіт өмірде бақытты ғұмыр кешуін тілеп, қазақ елінің тәуелсіздігі мәңгі жасай берсін деп ақ баталарын берді.

1924 жылы дүниеге келген Бадан Төребаев соғысты  Белоруссиядан бастап Берлинге дейінгі майдан жолдарын басып өткен.

Майдангер ауыр шайқаста қаһармандығымен көзге түсіп, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Сондай-ақ, І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, 2 рет «Ерлігі үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен наградталған.

Елге 1950 жылы қарашада оралып, Кентау қаласындағы «Мырғалымсай» кенішінде ұзақ жылдар бойы қызмет атқарып, сол кәсіпорыннан зейнеткерлікке шыққан. Ол  2 ұл, 3 қызынан 14 немере, 31 шөбере, 2 шөпшек сүйіп отыр.

Ал, Қалтай Алдинов 1941 жылы 7 мамырда дүниеге келген. Жастайынан еңбекке араласып өскен қария соғыстан кейінгі ауыр жылдары өмірдің тауқыметін көріп есейген. 1961 жылы «Ачполиметалл» комбинатының құрылыс жұмыстарында қызмет еткен. Қазіргі таңда 6 ұл-қыздан 20 немере,

18 шөбере, 1 шөпшек көріп отырған бақытты ата.