139 500,0 мың теңге қаржы бюджетке қайтарылды

156

Қала аумағында иесіз жүрген немесе қадағалаусыз қалған үй жануарларының, яғни қаңғыбас иттер мен мысықтардың тұрғындарға залал тигізетін немесе өмірлеріне қауіп төндіретін жағдайлары қоғамда өкінішке қарай кездесіп жатады. Мұндай жағдайда қаңғыбас иттер мен мысықтар түрлі инфекциялық аурулар таратуы немесе адамдарға шабуыл жасап, тістеуі әбден мүмкін. Сондықтан Қазақстан Республикасының 2021 жылғы 30 желтоқсандағы «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңына сәйкес олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің нақты шаралары белгіленген.
Осы орайда қала аумағындағы үй жануарларын зарасыздандыру жұмысының маңызы зор. Соған сәйкес Шымкент қаласы бойынша 2023 жылы жоспарланған 15 000 бас қаңғыбас жануарларды зарарсыздандыру жұмыстарына 139 500,0 мың теңге қаржы қаралған болатын. Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 4 желтоқсандағы «Мемлекеттік сатып алу туралы» №434-V Заңына сәйкес, Шымкент қаласы ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының 2023 жылғы 4 сәуірдегі жүргізген № 9556804-ОК1 «Ашық конкурс» мемлекеттік сатып алу қорытындылары негізінде «Стройкомплект-КБ» ЖШС жеңімпаз атанып, 2023 жылғы 12 сәуірде аталған серіктестікпен №57 келісім шарт түзілген еді. Шарт бойынша келісілген жалпы сома 82 152,0 мың теңге. Бұл қаржы 8 400 бас еркек иттерді зарарсыздандыруға қарастырылған.
Сонымен қатар, Шымкент қаласының мемлекеттік сатып алу басқармасы тарапынан жүргізілген № 9598842-ОК1 «Ашық конкурс» мемлекеттік сатып алудың қорытындылары негізінде, «Стройкомплект-КБ» ЖШС қаңғыбас жануарларды зарарсыздандыру қызметі бойынша жеңімпаз атанып, 2023 жылғы 6 маусымда №77 келісім шарт түзілді. Шарттың жалпы сомасы 54 224,0 мың теңге (Бұл қаражатты саралап көрсететін болсақ, 2 100 бас еркек мысықтарға 10 259,0 мың теңге; 3 600 бас ұрғашы иттер мен 900 бас ұрғашы мысықтарға — 43 965,0 мың теңге).
Алайда, серіктестік өзіне жүктелген міндеттемелерін орындамады. Атап айтқанда, уақытша ұстау орталығындағы ит-мысықтар ветеринариялық клиникаға бірнеше рет жеткізілгенімен стерилизация (кастрация) шаралары жүргізілген жоқ, шарт бойынша тиісті қызметтер көрсетілмеген. Осыған орай, 2023 жылы 12 қазанда басқарма тарапынан Шымкент қаласының мамандырылған ауданаралық экономикалық сотына өнім берушіні мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану туралы № 21-07-15/2843 хат жолданып, келісім шарттар бұзылды.
Шымкент қаласының мамандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 8 қаңтардағы №5265-23-00-2/2829 іс шешімімен «Стройкомплект-КБ» ЖШС мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп танылды.
Алайда, «Стройкомплект-КБ» ЖШС аталған шешімге келіспей, Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына апелляциялық шағымын түсірген болатын. Нәтижесінде, сот алқасының 2024 жылғы 20 наурыздағы № 2а-369 қаулысымен, Шымкент қаласының мамандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 8 қаңтардағы №5265-23-00-2/2829 іс шешімінің күші жойылды.
Өнім беруші тарапынан 2023 жылы стерилизация шаралары жүргізілмегендіктен 139 500,0 мың теңге қаржы бюджетке толықтай қайтарылды.