Шымкентте қала мәслихатының төрағасы өндіріс жұмысшыларымен кездесті

27

Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы, Конституциялық комиссияның мүшесі Бахадыр Нарымбетов «Бал Текстиль» ЖШС қызметкерлерімен кездесіп, жаңа Конституция жобасының мән-маңызын жан-жақты түсіндірді.
Кездесу барысында мәслихат төрағасы Конституциялық комиссия отырыстары аясында еліміздің болашағына тікелей ықпал ететін маңызды мәселелер жан-жақты талқыланып, бірқатар оң шешімдер қабылданғанын атап өтті.
Оның айтуынша, Конституциялық реформа елдің саяси жүйесін заман талабына сай жаңғыртуға, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға және қоғам мен билік арасындағы сенімді нығайтуға бағытталған маңызды қадам болып табылады. Қолданыстағы Конституция тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде қабылданып, мемлекеттілікті орнықтыруда тарихи міндетін абыроймен атқарды.
– Конституциялық комиссия мүшесі ретінде үш аптаға жуық талқылауларға қатыстық. Ата Заңның жаңа редакциясында көптеген оң өзгерістер қарастырылған. Заман талабына сай, ел келешегін кемел ететін маңызды түзетулер енгізілді. Біз бұл өзгерістерді тұрғындарға, әлеуметтік мекемелер мен кәсіпорын қызметкерлеріне кеңінен түсіндіруіміз қажет. Әр салаға қандай игіліктер қарастырылғанын халық білуі тиіс. Маңызды құжатта еңбек қорғау мәселесі жаңа деңгейге көтеріліп отыр. Сонымен қатар жасанды интеллект пен ғылым жетістіктерін өндіріс үдерісіне енгізу көзделуде. Бұл ретте азаматтардың еңбекақысы, еңбек жағдайы мен қауіпсіздігіне ерекше мән беріледі. Ата Заңдағы өзгерістердің барлығы халықтың әл-ауқатын арттыруға және құқықтарын қорғауға бағытталған, – деді Бахадыр Нарымбетов.
Кездесу барысында қазіргі жаһандық геосаяси ахуалдың өзгеруі, ғылым мен технологияның қарқынды дамуы және цифрландыру үдерісі құқықтық жүйені жаңаша пайымдауды талап ететіні айтылды. Осы орайда елдің әлемдік бәсекеге қабілеттілігін арттыру, ішкі әлеуеті мен институционалдық тұрақтылығын нығайту – басты міндеттердің бірі екені атап өтілді.
Жиын соңында қала мәслихатының төрағасы азаматтарды өз құқықтарын білуге және қоғамдық үдерістерге белсенді қатысуға шақырып, қызметкерлер тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.