«МӨЛДІР БҰЛАҚ» ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АКЦИЯСЫ ЖАЛҒАСУДА

Түркістан қаласында Қызылорда тас жолы бойындағы «Қарашық» өзенінің аумағында «Мөлдір бұлақ» жалпыұлттық экологиялық акциясы өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – қоршаған ортаны қорғау, су көздерінің тазалығын сақтау және тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру.
Аталған акцияға Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов, Түркістан қалалық мәслихатының төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев пен Түркістан қаласының прокуроры Кәукен Нәрікбаев және қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Рысбеков Қыдырәлі қатысты.
Іс-шараға қаланың дербес бөлімдері, мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындары мен мекемелері, сондай-ақ 6 сектордан құралған жұмыс топтары қатысып, жалпы саны 300-ге жуық адам жұмылдырылды.
Акция аясында өзен жағалауын санитарлық тазарту, тұрмыстық қалдықтарды жинау, қоқыстарды арнайы орындарға шығару және аумақты абаттандыру жұмыстары кешенді түрде жүргізілді. Сонымен қатар, жасыл желектерді күтіп-баптау, аумақты ретке келтіру жұмыстарына да ерекше көңіл бөлінді.
Іс-шара соңында сенбілікке белсенді қатысқан азаматтарға алғыс білдіріліп, арнайы сый-сыяпаттар табысталды. Қатысушыларға арнап арнайы ас ұйымдастырылды.
«Мөлдір бұлақ» жалпыұлттық экологиялық акциясы алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.












