СОЗАҚТА ЖАППАЙ СЕНБІЛІК: «ЖАСЫЛ БОЛАШАҚ» АКЦИЯСЫ ҚАРҚЫН АЛДЫ

Бүгін аудан көлемінде Таза Қазақстан жалпыұлттық бағдарламасы аясында «Жасыл болашақ» экологиялық акциясы өтіп, ауқымды сенбілік жұмыстары ұйымдастырылды. Игі бастамаға барлық мекеме қызметкерлері, белсенді жастар мен ауыл тұрғындары белсене қатысып, туған жердің тазалығы мен көркеюіне өз үлестерін қосты.
Көркейту-көгалдандыру жұмыстарын аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков тікелей бақылауына алып, аудан орталығындағы ішкі көшелер мен саябақтарды аралады. Аумақтарды абаттандыру, жасыл желекті көбейту бағытындағы жұмыстардың барысымен танысып, жауаптыларға нақты тапсырмалар берді. Сондай-ақ, аудан басшысы Шолаққорған–Түркістан бағытындағы «Жасыл белдеу» аумағына барып, отырғызылған тал көшеттерінің жай-күйін зерделеді. Қазіргі таңда мұнда көшеттерді күтіп-баптау, суару, тыңайтқыш беру және қосымша тал егу жұмыстары жүргізілуде.
Атап айтқанда, бүгінгі сенбілік барысында Шолаққорған ауылы 5 секторға бөлініп, 144 көшеге жауапты мекемелер бекітілді. Әрбір секторда тазалық жұмыстары қарқынды атқарылып, күл-қоқыс шығарылып, аумақтар ретке келтірілді. Сонымен қатар, көше бойындағы талдардың түптері әктеліп, санитарлық тазалық шаралары жүргізілді.
Жалпы сенбілікке 5000-ға жуық адам мен 20-дан астам техника жұмылдырылып, 1000 түпке жуық тал көшеті отырғызылды.








