«ОТБАСЫНДА ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚСЫЗ ҚАЗАҚСТАН» АТТЫ АУҚЫМДЫ АКЦИЯ ӨТЕДІ

2026 жыл елімізде «Қауіпсіз балалық шақтың кепілі жылы» деп жариялануына байланысты, 18 мамыр мен 8 маусым аралығында республика көлемінде «Отбасында зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» атты ауқымды акция өтеді. Іс-шара 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырылып отыр.
Акцияның негізгі мақсаты – қоғамда отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және мемлекеттік органдар мен қоғам арасындағы өзара сенімді нығайту. Сонымен қатар, полиция қызметінің беделін арттыру және түрлі ұйымдар арасындағы ынтымақтастықты кеңейту көзделген.
Іс-шара аясында дөңгелек үстелдер, семинарлар, кездесулер, рейдтік жұмыстар, қайырымдылық акциялар ұйымдастырылып, қоғам өкілдері, жастар мен еріктілердің қатысуымен флешмобтар өткізіледі. Ерекше назар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың куәгері болған балаларды қорғау мен қолдауға аударылады.
Акцияның басты ұраны – «Отбасында зорлық-зомбылықсыз Қазақстан!». Іс-шаралар бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде кеңінен жарияланып, #ЗаңМенТәртіп, #БалалардыҚорғау, #ЗорлықЗомбылыққаЖолЖоқ хэштегтері арқылы ақпарат таратылады.
Бұл бастама – балалардың өмірі мен денсаулығын қорғауға, қауіпсіз орта қалыптастыруға және қоғамда мейірім мен сыйластық құндылықтарын нығайтуға бағытталған маңызды қадам.
Балалық шақ – адам өміріндегі ең маңызды әрі бақытты кезең. Әрбір бала мейірімге, қамқорлыққа және қауіпсіз ортада өмір сүруге құқылы. Балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғау – ата-анаға ғана емес, бүкіл қоғамға ортақ міндет.
Қазіргі таңда балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінуде. Бұл бағытта білім беру ұйымдарында, аула мен қоғамдық орындарда қауіпсіздік талаптарын сақтау, жол-көлік оқиғаларының алдын алу, балаларды түрлі қауіптен қорғау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
Баланың қауіпсіздігі ең алдымен отбасынан басталады. Ата-ана баласына жолда жүру ережесін, өрт қауіпсіздігін, бөгде адамдармен қарым-қатынаста сақтық танытуды және төтенше жағдай кезінде дұрыс әрекет етуді үйретуі қажет. Сонымен қатар баламен үнемі ашық сөйлесіп, оның мәселесі мен алаңдаушылығына назар аудару маңызды.
Балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру да қауіпсіздікке ықпал етеді. Спорттық үйірмелерге, шығармашылық және танымдық іс-шараларға қатысу баланың қабілетін дамытып қана қоймай, оның пайдалы ортамен араласуына мүмкіндік береді.
Қауіпсіз балалық шақты қалыптастыру үшін мемлекеттік органдардың, мектептердің, ата-аналардың және қоғамның бірлескен жұмысы қажет. Әрбір азамат балаға қатысты қауіптің алдын алуға өз үлесін қоса алады.
Балалар – елдің болашағы. Олардың бақытты балалық шағы мен қауіпсіз өмірі – мемлекеттің маңызды құндылығы.








