ШЫМКЕНТТІҢ ЦИФРЛЫҚ ДАМУЫНА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СЕРІКТЕСТІК СЕРПІН БЕРЕДІ

Шымкент қаласының цифрлық трансформациясы халықаралық деңгейде жаңа серіктестік байланыстар арқылы жалғасуда. Осы бағыттағы маңызды кездесулердің бірі – қала әкімі Ғабит Сыздықбековтың Португалияның жетекші технологиялық орталықтарының бірі – «Taguspark» технопаркінің бас директоры Эдуарду Баптишта Коррейамен өткен келіссөз. Кездесу барысында тараптар цифрландыру, инновациялық технологияларды енгізу, технологиялық кәсіпкерлікті дамыту және тәжірибе алмасу мәселелерін жан-жақты талқылады.
Бүгінде әлемдік тәжірибе көрсеткендей, қалалардың бәсекеге қабілеттілігі ең алдымен цифрлық технологияларды тиімді пайдалануға, инновациялық инфрақұрылымды дамытуға және жоғары технологиялық жобаларды іске асыруға байланысты. Осы тұрғыдан алғанда, Шымкенттің халықаралық тәжірибені зерделеуге басымдық беруі – қаланың ұзақ мерзімді дамуына бағытталған маңызды қадам.
Кездесу барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2026 жылдың Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланғаны атап өтілді. Бұл бастама елімізде заманауи технологияларды кеңінен енгізуге, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға және цифрлық экономиканы дамытуға жаңа серпін бермек. Шымкентте де бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.
Тараптар әсіресе «Smart City» тұжырымдамасы аясында қолға алынған жобаларға ерекше назар аударды. Бүгінде Шымкентте интеллектуалды көлік жүйесін қалыптастыру, қоғамдық қауіпсіздікті күшейту, денсаулық сақтау қызметтерін цифрландыру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын тиімді басқару және қалалық инфрақұрылымды басқарудың заманауи үлгілерін енгізу бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Мұндай цифрлық шешімдер тұрғындарға көрсетілетін қызметтердің сапасын арттырып қана қоймай, қаланы басқарудың тиімділігін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
Кездесу барысында қала әкімі инвесторға Шымкенттің инновациялық әлеуетін дамытуда маңызды рөл атқарып отырған «Shymkent Hub» орталығының жұмысы да таныстырды. Бұл орталық жас ІТ-мамандар мен стартап жобаларды қолдап, әзірлеушілердің, инвесторлардың және кәсіпкерлердің басын қосатын тиімді алаңға айналып келеді. Нәтижесінде қалада жаңа технологиялық жобалардың саны артып, инновациялық экожүйе қалыптасуда.
Сонымен қатар шетелдік әріптестерге нақты уақыт режимінде ақпаратты саралап, басқарушылық шешімдерді жедел қабылдауға мүмкіндік беретін «Smart Data Ukimet» (SDU) платформасының мүмкіндіктері таныстырылды. Сондай-ақ «AIQYN» және «Digital Maps» жүйелерінің әлеуеті көрсетіліп, олардың қала өміріндегі түрлі үдерістерді басқарудағы тиімділігі сөз болды. Бұл цифрлық құралдар инфрақұрылымның жай-күйін бақылауға, деректерді талдауға және мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.








