Әл-Фараби ауданында тың жобалар қолға алынды
Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданында адам көп шоғырланған 15 орынға қала тұрғындары мен қонақтары тегін су ішуі үшін ауызсу бұрқақтарын (питьевой фонтан) орнату жоспарланып отыр. Аталған жоба аудан демеушілері есебінен ірі сауда орталықтары мен саябақтарға қойылмақ. Бүгінде субұрқақтардың эскизі дайындалып, демеушілермен келіссөздер жүргізіліп жатыр.
Бұл жөнінде аудан әкімі Рашид Мыңбаев @akimat_shymkent парақшасында тұрғындармен тікелей эфирде жүздесу барысында айтты.
Сондай-ақ, аудан басшысы тағы бір жаңа бастаманың қолға алынып жатқанын жеткізді. Аудан аумағына жолаушылардың хабы саналатын 10 нүктеге соңғы үлгідегі «Smart» аялдамалар салынбақ. Онда тұрғындардың ыңғайлылығы үшін тегін Wifi, смартфон қуаттағыш көздері, кондиционер, қаланың картасы және маршрут бағыттары көрсетілген электронды тақтайша орнатылады.
Ауданның әлеуметтік жағдайын жақсартуға ниетті азаматтарды тың идеялар мен жаңа бастамаларды бірге жүзеге асыруға шақырды. Эфир соңында тұрғындардан келіп түскен сұрақтарға жауап берді.