
2026 жылғы 16 мамырда Түркістан қаласында жауын-шашынды жасанды түрде көбейту жобасының салтанатты іске қосу рәсімі өтті Қазақстан өңірде жасанды жаңбыр технологияларын тәжірибелік тұрғыда қолдануға көшкен алғашқы ел болды.
Жоба су қоймаларын толықтыру деңгейін арттыруға және елдің оңтүстігіндегі ауыл шаруашылығы аумақтарын су ресурстарымен қамтамасыз етуге бағытталған. Жобаны толық ауқымда іске асыру 2026 жылғы 17 мамырда басталады.

Технология Түркістан облысындағы жалпы көлемі 911 мың гектардан асатын егістік жерлерге әсер ететін құрғақшылық пен су тапшылығының салдарын азайтуға арналған. Жоба 1980-жылдардың соңынан бері ауа райын модификациялау және жауын-шашынды жасанды түрде көбейту саласында көпжылдық тәжірибесі бар БАӘ Ұлттық метеорология орталығымен халықаралық ынтымақтастық аясында жүзеге асырылып жатыр.

Салтанатты рәсімге ҚР Премьер-министрінің орынбасары — жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, БҰҰ Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымының президенті, БАӘ Ұлттық метеорология орталығының бас директоры Абдулла Ахмед Әл-Мандус, БАӘ-нің Қазақстандағы елшісі Мұхаммад Саид Мұхаммад Әл-Арики, сондай-ақ Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысты.
«Қазақстан климаттық орнықтылықтың жаңа жүйесін қалыптастыруға бағытталған практикалық қадам жасауда. Өңірде алғаш рет жауын-шашынды жасанды түрде көбейту технологиялары саласында ауқымды жоба іске қосылып жатыр. Біз үшін бұл — ғылымға, халықаралық серіктестікке және цифрлық технологияларға негізделген заманауи климаттық инфрақұрылымды қалыптастырудың бастауы. Жоба әлемдік жетекші сарапшылармен бірлесе жүзеге асырылуда және технологиялар трансфері мен қазақстандық мамандарды даярлаудың негізін қалайды», деп атап өтті премьер-министрдің орынбасары — жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жобаның маңызына тоқталды.

– Түркістан облысы – аграрлық әлеуеті жоғары аймақ. Сондықтан егін алқаптарын тұрақты суару, су ресурстарын тиімді пайдалану және заманауи технологияларды енгізу – біз үшін өте маңызды. Бүгінде бүкіл әлем климаттың өзгеруі, жауын-шашын көлемінің азаюы және су ресурстарының тапшылығы сияқты күрделі сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр. Осы бағытта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су қауіпсіздігі мен ауыл шаруашылығын дамыту мәселесіне әрдайым көңіл бөліп келеді. Президентіміз кеше қадірлі қонағымыз Абдулла Ахмед Әл Мандус мырзамен өткізген кездесуінде Дүниежүзілік метеорология ұйымының климат, су ресурстары және табиғи апаттардың алдын алу бағытындағы маңызды рөлін ерекше атап өтті. Сонымен қатар Қазақстанның халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға дайын екенін жеткізді. Осы тұрғыда,

Түркістан облысының маңызы ерекше. Республикадағы суармалы жерлердің төрттен бір бөлігі, яғни 575 мың гектар жер біздің облысымызға тиесілі. Сондықтан су ресурстарын тиімді пайдалану – біз үшін стратегиялық маңызды міндет. Жаһандық климаттың өзгеруі оңтүстік өңірлерге өз әсерін тигізуде. Біз бұл мәселені шешу үшін су үнемдеу технологияларын қарқынды енгізіп жатырмыз. Соңғы үш жылда 114 мың гектар жерді заманауи жүйеге көшірдік. Алдағы бес жылда қосымша 250 мың гектарға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Бүгінгі ұсынылып отырған жасанды жаңбыр жауғызу технологиясы – болашаққа бағытталған бірегей жоба. Қазірдің өзінде нақты істер атқарылды. Шаһарға 4 тонна инновациялық реагент жеткізілді. Арнайы әуе кемесі алғашқы техникалық ұшу сапарын сәтті орындады. Жасанды жаңбыр жауғызу арқылы біз алқаптарды сумен қамтамасыз етіп, жайылымдардың өнімділігін арттырамыз. Бірлескен жұмысымыз сәтті болсын! – деді облыс әкімі.

Халықаралық бағалауларға сәйкес, жасанды жаңбыр шақыру технологиялары табиғи деңгеймен салыстырғанда жауын-шашын көлемін 10-20%-ға дейін арттыра алады. Мұндай технологиялар Қытай, АҚШ, БАӘ, Франция және Сауд Арабиясында белсенді түрде қолданылып келеді.

Жоба суға сұранысы жоғары аудандарда, ең алдымен ауыл шаруашылығы аумақтарында жергілікті деңгейде жүзеге асырылады. Жұмыс жүргізілетін аймақтарды таңдау метеорологиялық қызмет мамандары мен профильдік мемлекеттік органдардың қатысуымен ауа райы жағдайын, экологиялық ахуалды және суға қажеттілікті ескере отырып жүргізіледі. Технологияның әсер ету аумағы жергілікті сипатқа ие және радиусы 5 шақырымнан аспайды, сондай-ақ ауқымды ауа райы құбылыстарын қалыптастырумен байланысты емес. Жұмыстарды жүргізу үшін халықаралық тәжірибеде қолданылатын тұз негізіндегі реагенттер пайдаланылады.
Жобаны іске асыру ауыл шаруашылығы аумақтарын сумен қамтамасыз ету тиімділігін арттыруға, құрғақшылықтан келетін шығынды азайтуға және өнімділіктің өсуін қолдауға мүмкіндік береді деп күтілуде. Әлеуетті экономикалық тиімділік жылына 35 млрд теңгеге дейін бағаланады.

Ынтымақтастық аясында БАӘ Ұлттық метеорология орталығының мамандары Түркістан облысының мамандарын ауа райын модификациялау технологияларына оқытуды жүргізуде. Олардың қатарында метеорологтар, ұшқыштар, инженерлер және салалық мамандар бар. Сонымен қатар технологияны Қазақстанның басқа өңірлерінде кеңейту мүмкіндігі қарастырылып, отандық климаттық технологияларды қалыптастырудың іргелі негізі қалануда.

Жобаны іске асыруға Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, Су ресурстары және ирригация министрлігі, Сыртқы істер министрлігі, Мәдениет және ақпарат министрлігі, Қорғаныс министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі, Көлік министрлігі, Қаржы министрлігі, Экология және табиғи ресурстар министрлігі, Энергетика министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі, Түркістан облысының әкімдігі, Азаматтық авиация комитеті, Казаэронавигация және «Қазгидромет» қатысып жатыр.